Нұр-Сұлтанда 27 жастағы әйелдің үйіне кіріп, оны ұрып-соғып ұрлап кеткен ер адам ұсталды
Келіншектің анасы жедел полицияға хабарласып, жәбірленушінің өмірін сақтап қалды
Полицияның хабарлауынша, 6 мамыр күні Жедел басқарма орталығының 102 пультіне қала тұрғыны 27 жастағы қызын ұрлап кетті деп хабарласқан. Әйелдің айтуы бойынша, қызының бұрын бірге тұрған ер адамы оның пәтеріне заңсыз кіріп, күш көрсету мен қорқыту арқылы қызын алып, автокөлігімен белгісіз бағытқа тайып тұрған. Жедел іздестіру шарасы аясында бұрын сотталған 1990 жылы туған азамат Сығанақ көшесіндегі үйдің ауласында ұсталды. «Аталған факті бойынша ҚР ҚК «Адам ұрлау», «Қорлау», «Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу полиция департаменті басшысының бақылауында болады», - деп атап өтті ведомствода.