Ауызашар берудің қандай пайдасы барын біле жүріңіз
Мұсылмандар ауызаштыруға, ораза ұстаған адамға сәресін беруге не үшін асығады?
Ауызашар беруге жағдайы жетпеген адамдар не істеу керек? Ауызашар беру – сауапты іс. Аузы берікті ауызашарға шақырсаңыз, ораза ұстаған адамның алатын сауабын сіз де аласыз. Аузы беріктің сауабынан да еш нәрсе кемімейді. Бұл сұраққа исламтанушы, «Нұр - Мүбарак» ислам университетінің докторанты Қуат Қабдолда былай деді: - Шариғатымызда ондай міндет жоқ. Ауызашарда дастарханның ас та төк болуы міндетті емес, әркім жағдайына қарай берсе болады. Бастысы – ниеті болса болғаны. Адам шама - шарқына қарай, қазақ айтпақшы «Көрпеңе қарай көсіл» деген сияқты қарызданбай, мүмкіндігіңіз келгенше дастархан жаю керек. Ысырап жасамай, адам санына қарай жайған жөн. Хадис: «Егер Рамазан айында адал табысымен ауызашар берсе, періштелер Рамазан айының соңына дейін оған дұға жасайды». Ауызашарға ештеңе таппаса не істейді? Рамазан айында Алланың алдында ең ұнамды іс – ауыз аштыру. Сахабалардың көбі кедей болған, бірақ байлар аз болған. Сонда «Біз ауыз аштыра алмасақ қайтеміз?» деген сұраққа, Пайғамбарымыз: Бір құрмамен немесе сумен болса да ауыз аштыруға болады. «Құрма да алып бере алмасақ қайтеміз?» деген сұраққа «қара су берсін» деген. Яғни, қазір қарап отырсақ, Рамазан айында сауапты шаш етектен жинайтыны - ай. Өйткені Рамазан - сегіз жәннаттың есіктері ашылған ай деп айтылатын себебі, осы айда сауаптар көп болып еселеніп барады. Періштелер соны қабылдап үлгере алмағандықтан, 8 жәннаттың есігі айқара ашылып тұрады екен. Бұл айда нәтіл амалдың өзі парыз амалдай, парыз амалын жасасаң 70 есеге дейін, қысқасын айтқанда 700 есеге дейін істеген істеріңізді Алла тағала көтереді. Мұның сауабын Алла өзі береді, Оразаның сауабын да Алла өзі береді. Сондықтан ораза тұтқан адамның сауабын алу үшін бір қорапша құрманы мешітке апарып, қанша адам бір талдан жесе, сонша адамның сауабын аласыз. Немесе мешітке су апарып беріңіз. Ауыз суды құмыраға құйып, мешітке әкеп: ауыз ашуға әкелдім десеңіз, қаншама адам ауыз тисе, соншама сауап аласыз. Ал енді шамасы келгендер ауызашарға дастархан жайып шақырса, өз еркі, ниеті. Тіпті бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Хадис: «Ораза ұстаған адамға ауызашар бергеннің күнәсі кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап беріледі». «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз аштырған адамға да, аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады». Рамазан айы басталғанда бәсекеге түскендей толтырып дастарқан жайып жарысатындар жоқ емес. Бұған көп уақыт кетіп, қаражатыңыз шамадан тыс жұмсалады. Одан гөрі құлшылыққа көбірек көңіл аударған абзал. Өзіңізге ауртпашылық салмай, арзан болса да, пайдалы, аз болса, дәмді тағам жасауға тырысыңыз. Өзгенің дастарқанынан нашарлау боп қалды деп ойламаңыз. Ысырап қылмай, адал тамақ әзірлеп сауапқа кенеліңіз. Ауызашарға қандай тағам әзірлеген дұрыс? Әлбетте, ауызашарға ауыр тамақ емес, мүмкіндігінше жеңіл тағам жасаған жөн. Рамазаннан мақсат – кешке дейін аш жүріп, тойып алу емес. Ауызашарды құрмалармен немесе сумен бастаған дұрыс. Үйіңізде барыңызбен, бір түйір құрма болса да ауыз ашыңыз. Рамазанда басқа айға қарағанда азық - түлікке көп қаражат жұмсау міндет емес. Хадис: «.. кімде - кім Аллаға иманмен, Аллаға деген сауаптан үміт етумен ораза ұстаса, Алла тағала өткен күнәләрін кешіреді. Кімде - кім түнде тұрса, иманмен, үмітпен сауаппен тұрса, ол да анасынан жаңа туғандай, күнәсінен кешіріледі...» «.. Негізінде, адамға белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм - тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп - жеуі керек болса, (асқазанының) үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға және үштен бірін ауаға арнасын» Әрине, бұны тағам әзірлемей қою деп түсінбеңіз. Ақшаңыз бен уақытыңызды үнемдеп, азық - түлікті алдын ала сатып алып қойыңыз және оның құнарлы, пайдалы болуын қадағалаңыз. Ауызашарды құрмамен, сумен немесе сорпа, ет қосылған көкөніс тағамы сияқты жеңіл тағаммен бастаңыз. 15 - 20 минут ас қорытуға кетеді, сосын майы аз, отқа піскен ет, бұршақ тұқымдастар, салаттар, айран сияқты тағамдармен жалғастыру керек. Адам ашыққанда жүйке жүйесі, асқазаны тітіркеніп, өзі әлсіреп, қалжырап тұрады. Сондықтан бас салып қуырылған және ащы тамақ жеуге болмайды. Себебі аш адамның асқазанында көбірек сөл және қышқыл бөлу сәйкес келмей қалады. Бұл астың нашар қорытылуына әкеп соғады. Егер жүйесіз тамақтансаңыз, әлсізденіп, күйзеліске ұшырауыңыз мүмкін. Сондай - ақ асқазан ауырып, ас қорытылмай, қан қысымы төмендеу қаупі де бар. Сол үшін шөлдететін, асқазанға салмақ түсіретін ащы, майлы, кофе сияқты тағамнан бас тартыңыз. Қою шайды, тәтті кондитерлік өнімдерді, газдалған сусыннан аулақ болыңыз. Ол қарынды тез ашырып, ағзаны әлсіретіп тастайды. Одан гөрі жеңіл әрі құнарлы тағамдар: талқан, тары, көкөністер, күріштен жасалған, қарақұмық, құрма, сұлы жармасы, морс, каркаде, компот, жасыл көкөніс, кепкен өрік, мейіз, жаңғақ, жалбыз шайы, көк шай, қызанақ, зәйтүн, арпа наны және сүт өнімдерін қолданыңыз. Тамақтанғаннан соң су ішіп, алайда жатар алдында суды көп ішпеңіз. Тамақты жәймен, аздап жеңіз. Қарным ашады деп тыңқиып тойған дұрыс емес. Өз уақытында өз мөлшерімен ауызға салған тамақты асықпай жеу адамның өзіне, денсаулығына пайдасы мол. Және сәресіге де уақыт пен орын қалдыруды ұмытпау керек. Ауызашар кезінде орташа мөлшерде тамақтану Пайғамбарымыздың сүннет амалына жатады. Білесіз бе, оразаны не үшін бекітеді? «Бай аштықтың қадірін түсініп, кедейді ұмытпасы үшін». Рамазан айында ұстаған ораза, тілеген дұға, жасаған жақсылықтарыңыз қабыл болсын!