2020 ҰБТ-да жаңа ережелер мен жаңа талаптар: тест тапсыру қалай өтетіні айтылды
Енді емтиханға рұқсат етілмеген заттарды алып кіргендер екінші рет тест тапсыра алмайды.
Жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуге өзгеріс енгізетін Білім министрлігі биыл тек ережелерін қатаңдатқан. Білім беру грантынан да қағылады, деп хабарлайды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып. Сондай-ақ, кейбір мамандықтардың шекті ұпайы көбейтілді. Қазіргі уақытта тест өткізу пунктері санитарлық талаптарды сақтауға барынша тырысып жатыр. 132 мыңдай түлектің тест тапсыруына тағы қандай жағдай жасалмақшы? Қандай өзгерістер бар? Бұл сынақ бұрынғы тест тапсырудан да өзгерек. Биыл түлектерге тек жақсы балл жинау ғана емес, аурудан қорғануды ойлауға тура келеді. Covid-19 дан сақтану үшін олар медициналық бетперде киіп, аудиторияда бір-бірінен алшақ отырып, қолдарын қайта-қайта тазалауы керек. Бірақ тестке кіретін оқушылардан коронавирустың тест нәтижесі сұралмайды. Тест өтетін нысанға кірер кезде сынақ тапсырушыны метал іздегіш құрылғыдан бөлек, оны бес кезеңдік тексеріс күтіп тұр. Ол үшін дезинфекциялық тоннель, тепловизор, антисептикалық құралдар қойылмақ. Осы жылы түлектердан үшін тыйым салынған заттар табылса, бірден бірнеше мүмкіндіктен қағылады. "Тыйым салынған заттарды анықтау кезіндегі шараларымыз күшейтілген. Яғни тестке кіргізу кезінде анықталған тыйым салынған заттар болса, балалар әрі қарай тестке кіргізілмейді. Және олар үшін емтихан бітеді. Осы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Біз мұндай тәжірибені қаңтардан бастадық. Балаларға түсіндірдік, нәтижесін көрдік",-деді Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов. Ал шекті балды жинай алмай қалғандар ақылы тестілеуге қатыса алады. Айтып өтейік, биыл педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін талап күшейді. Енді 70 балл жинағанда ғана, педагог болуға болады. Ұлттық жоғары оқу орындарына немесе медициналық мамандықтарға 65 балл, агроөнеркәсіп кешені мамандықтарына 60 балл, қалған жоғары оқу орындарына 50 балл. Білім министрлігі тестілеу кезінде калькуляторға рұқсат бермекші. Бірақ, түлектер оны өздерімен бірге алып кіре алмайды. Сонымен қоса, ҰБТ уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа өзгерді. Осы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде 11- сыныптағы төртінші тоқсан бағдарламасының сұрақтары кездеспейді. "Талапкерлер ҰБТ-ға жақсы дайындалуы үшін біз оларға ақысыз орталықтың сайтында 70 нұсқа тесттерін алдын ала берген болатынбыз. Түлектер емін-еркін осы сынама тестілерді тапсыру мүмкіндігіне ие болды және тапсырды деп айта аламыз. Оған қоса биылғы түлектер мектепте тапсыратын қорытынды емтихандардан мамыр айының соңында босатылды. Осы шаралардың барлығы түлектер үшін үлкен қолдау екені сөзсіз",-деді Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі. Осы жылы сынақтың форматы өзгертілген жоқ. Барлығы сол бес пән. Еске салсақ, биыл тестілеу 20 маусымнан 5-шілдеге дейін 15 лекпен 161 пункте өткізілмек. Бүгінде 132 мыңға жуық түлек тест тапсыруға дайындалып жатыр. Ұлттық бірыңғай тестілеудің тағы бір жаңалығы ата-аналарға қатысты. Олар бұрынғыдай тест өтетін ғимарат алдында телміріп, балаларын күтіп тұрмайды. Рұқсат жоқ. Керісінше, үйінде онлайн көрсетілім арқылы бақылап, перзенті үшін тақымын қысып отыруы керек.