Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Карантиндегі жағдай: Өтінішіміз орындалмаса жаппай аштық жариялаймыз

Карантиндегі жағдай: Өтінішіміз орындалмаса жаппай аштық жариялаймыз
ашық дереккөз
Теміртау қаласының әкімі коронавирус жұқтырды
Ақтөбе перзентханасындағы дәрігерлерді жаппай коронавирусқа тексеруде. Мұндағы бір қызметкерден індет анықталды. Теміртау қаласының әкімі де вирус жұқтырған. Ал Атырау облысында карантинге жабылған мұнайшылар шу шығарды. «Өтінішімізге құлақ аспаса, аштық жариялаймыз», - дейді олар. Елдегі коронавирусқа қатысты соңғы ахуал жайлы KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды. -Үйде бала-шағам отыр. Үш ай болды. Бас кетіп тұр.. бала-шағам өлсе, кім жауап береді? Карантиннен қажыған Теңіз кенішінің қызметкерлері қыжылын осылай сыртқа шығарды. О баста 14 күнге оқшауланғамен, қамалып жатқанына қазір 20 күннен асқан. Айтуларынша, вирусқа қарсы алынған тесттің қорытындысы да әлі қолға тимепті. - Сендер неге ауырмайсыңдар? Неге жұмысшылар ауырады? Мынаның ішінде бір бастық жоқ. «Бастықтар неге ауырмайды?» деп кейіген мұнайшылар үйіне қайтамыз деген табанды ойдан қайтпақ емес. Өтінішін ешкім елемесе, тіптен аштық жарияламақ. Айта кетсек, Атырау облысында ковид-19 жұқтырғандардың 90 пайызы– Теңіз кенішінің жұмысшылары. Ал бүгін індет жұқтырғаны белгілі болған Теміртау қаласының әкімі аурдың бастықтарды да айналып өтпейтінін көрсеткендей. Қауіпті кесел Қарағанды облысында кеше 24 адамнан анықталған. Оның 12-сі – Теміртаудан. Іле-шала әкім аппараты тестілеуден өтті. Қала басшысынан басқаларында ауру белгісі табылмады. Ғалым Әшімов ауруханаға жатқызылмады, үйіне оқшауланды. Мұндай жеңілдікті көбі «әкім болғаны үшін жасады ма?» деп ойлағаны анық. Бірақ шенеуніктің өзі отбасымнан бөлек, «үйде жалғызбын» деп ақталды. "Жағдайым жаман емес. Үйде, карантиндемін. Сіздерге, баршаңызға мен жақсылық тілегім келеді. Аман болыңыздар, өз-өздеріңізді күтіңіздер! Сақтаныңыздар!," – деді  Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов. Ақтөбенің перинаталдық орталығының дәрігерлері дерттің дүрмегімен жүр. Бір әріптестерінен тест оң нәтижесін берген соң, қазір бәрі жаппай тест тапсырып жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы: «Перзентхананы жабу туралы мәселені көтерудің қажеті жоқ, сақтық үшін бар жағдай жасалған» - дейді. Бірақ барынша сақтанғанның өзінде перзентхана қызметкерінің вирус жұқтыруы өз айтқандарына қайшы келеді. "Перзентханада бір дәрігерде коронавирус инфекциясын жұқтырған деген күмән бар. Стационарға салынды. Тексеру жүргізіліп жатыр. Қосымша қасында байланыста болған адамдар карантинде. Ол жерде енді дәрігерлер жұмыс жасайды. Бірақ сырттан келетіндерге кіруге тыйым салынған. Бірақ жұмысын емдеу мекемесі жалғастырып жатыр",- деді Ақтөбе облыстық ДСБ басшысы Әсет Қалиев. Семейдің ауруханасында да ауру өршіп тұр. Өткен апта мұндағы тері ауруларын емдейтін мекемеден ковид-19 дың ошағы анықталған. Әзірге диспансердің 4 қызметкері мен 20 науқастан індет расталды. "Қатынаста болған 107 адам, оның ішінде 65 қызметкер, 42 науқас – барлығы біздің бақылауға алынып, ПТР дегенмен тексеріліп теріс нәтиже берген. Қазір үйлерінде, үй карантинінде",–  деді Семей қаласының Бас санитар дәрігері Берік Тілепалды. Соңғы статистика бойынша елде коронавирус жұқтырғандардың саны он бір жарым мыңнан асып кетті. Оның жартысы жазылып, 41 адам көз жұмды. Бас санитар дәрігер көрсеткіш күн сайын өскенмен, жағдай қадағалауда деген сенімде. Індеттен қорғанудың басты қаруы – әр адамның санитарлық талапты сақтауынан басталады!  
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар