Атырау халқы тірі Бергей Рысқалиевті жоқтады (видео)
Экс-шенеунікке жыр арнаған ақын көпшіліктің таңданысын тудырды
Атырау халқы облыстың экс-әкімі Бергей Рысқалиевтің есімін әнге қосып, өңірге сіңірген еңбегіне жыр арнап, өзін "жоқтады". Халықтың бұрыңғы шенеунікке деген құрметін мына видеодағы арнаудан анық байқауға болады. Онда Алпысбай Бекжігіт есімді азамат шенеуніктің ел болашағы үшін жасаған еңбегін тізбектеп, өңір халықы атынан алғыс айтады. Арнауда тура қазір Қазақстанда жоқ азаматқа тағылған айыппен жергілікті халық келіспейтіні айтылады. "Айтпағымыз бір Бергейдің еңбегі, Көп еді оның бергенінен, бермегі. Сол әкімді алыстатты халықтан, Мазалайды сансыз сұрақ кеудені",- деп басталған арнауда бұрыңғы әкімнің облысты дамытып, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту жолында жасаған еңбектері айтылады. Ауылды аймақтарға тартылған ауыз су, тас жол, қарапайым халыққа жеткізілген көгілдір отыннан басталған ауқымды іс оқушылар мен спортшыларға, бүлдіршіндерге көрсетілген қолдауға дейін айтылады. "Қиын сәтте ел жанынан табылды, Балабақшаға қанша сәби ағылды. Халық үшін еңбек еткен әкімге, Түсінбедік неге күйе жағылды? Бос жібермей өзі тұрған уақытты, Жас ұрпақты қыламын деп бақытты Қоғамдық қор есебінен шетелде, Атыраудан елу үздік оқытты",-деп автор нақты мәліметтер келтіреді. Қалаберді экс- шенеуніктің заңды белінен басып, халықтың ашуын тудырған "Теңізшевройл" компаниясының басшылығын жауапқа тартып, айыппұл төлеуге міндеттегені айтылады. Қашағаннан зауыт салдырып ел байлығын халық игілігіне алып қалып, жұмыссыздық мәселесін шешкен сәттері де өлеңге арқау болған. Бұл арнауда атыраулықтар Бергей Рысқалиевтің атқарған ерен еңбегін айтып қана қоймай, оған тағылған айыпқа күмәнмен қарайтындарын жеткізеді. Әрі арнау басталған тұста автор мұны президент назарына ұсынатынын айтты. Есте болса, Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау облысы басшысы қызметін атқарған еді.