СҚО-да ер адам екі баласын құтқарамын деп өзі суға кетті
Отбасы Есіл өзенінің шомылуға рұқсат берілмеген аймағына барып демалып, суға түскен
Солтүстік Қазақстан облысында өзен басына барған отбасы үшін демалыс қайғылы аяқталды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі. СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғабит Мүсірепов ауданында 7 маусым күні сағат 19.30 шамасында 33 жастағы ер адам суға кетті. Ол отбасымен бірге Ефимовка елді мекенінің маңындағы Есіл өзеніне демалуға барған. «Отбасы демалуға барған жер суға шомылуға арналмаған. Соған қарамастан олар суға шомылған. Бір мезетте 12 жастағы қызы мен 10 жастағы ұлы суға бата бастаған. Оларды құтқаруға ұмтылған ер адамның өзі суға кетті», - дейді СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев. Құтқарушылар, полицейлер және жергілікті тұрғындар сол күні-ақ іздеу шараларын қолға алды. Алайда, оның денесі тек бүгін, таңғы сағат 10.20-да табылды. Ағыс 30 метр жерге алып кеткен. Оны сүңгуірлер алып шықты. Қайғылы оқиғаға душар болған ерлі-зайыпты екі баласымен Новоишим ауылынан демалуға келген екен. Отбасы суға шомылған жерден 300 метрге жуық қашықта ресми жағажай болған.