Коронавируске шалдыққан министр Біртановтың жағдайы айтылды
Коронавирус жұқтырған министр Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың міндетін орынбасары Ләззат Ақтаева атқарады. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі. «Денсаулық сақтау министрі Елжан Амантайұлы Біртанов коронавирус инфекциясын жұқтырып, «пневмония» диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Екі күн болды. Дәрігерлер оның денсаулық жағдайын орташа деп бағалап отыр. Жалпы Елжан Амантайұлы клиникалық хаттамаға сай ем-домын қабылдауда. Ағзасы вирусқа қарсы терапияны жақсы көтеруде. Емін қабылдағаннан кейін, жазылып, өз жұмысына кіріседі деген ойдамыз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы Диас Ахметшәріп. Оның хабарлауынша, Елжан Біртанов ауруханада жұмысын қашықтан жүргізіп, штаб қызметін реттеп отыр. Бүгіннен бастап оның міндетін уақытша орынбасары Ләззат Ақтаева атқарады.