Карантин кезінде көмек кімдерге және қалай берілетіні айтылды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) мемлекеттік инстанцияларда адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу және азаматтардың коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайту мақсатында қазақстандықтарға ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындау үшін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жүгінуді ұсынады.
Әкімдіктер мен халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінетін азаматтар үшін алфавиттік тәртіппен өтініш беру графигі көзделеді. Халықтың жаппай шоғырлануын болдырмау үшін Еңбекмині мемлекеттік инстанцияларға тиісті ұсыныс берді.
Сондай-ақ, III тоқсанда АӘК тағайындау мерзімі ұзартылмайды. Айта кетейік, I тоқсандағы атаулы әлеуметтік көмек алушыларға сол кезде төтенше жағдай режимінің әрекет етуіне байланысты төлемдер тағайындау мерзімі ұзартылған болатын.
Еліміздің барлық өңірінде АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 5 айында алушылардың жалпы саны 122,3 мың отбасын немесе 629,9 мың адамды құрады.
1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған әлеуметтік топтама азық-түлік жиынтығын және тұрмыстық химия тауарларының жиынтығын қамтиды. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделеді. Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейін жол жүру ақысы өтелетін болады.
Азық-түлік жиынтығы балалардың жас санатына байланысты құрамы бойынша ерекшеленеді: 1-ден 3 жасқа дейін және 3-тен 6 жасқа дейін, бірақ өңірге қарамастан әлеуметтік топтаманың құрамы бірдей болады.
Жинақтардың құрамы физиологиялық ерекшеліктерді, азық-түліктің тағамдық және энергетикалық құндылығының арақатынасын және жасына сәйкес оларды пайдалану нормаларын ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдары негізінде қалыптастырылды. Өнімдер дәруменделген, бұл өсіп келе жатқан организмдегі дәрумендердің жетіспеушілігін толықтыруға мүмкіндік береді.