Басты жаңалықтар
Бас санитар қазақстандықтардың бетпердені дұрыс тақпай жүргенін айтты
- автор kyn.kz
- 23 маусым, 2020
- 264
Қазақстанның бас санитар дәрігерінің айтуынша, бетперде бет пен мұрынды жауып тұруы қажет
Республиканың бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова медициналық масканы иекке тағу коронавирустан қорғамайтынын түсіндірді.
Бір метрден кем емес арақашықтық сақтап, барлық жабық нысан ішінде маска тағу қажет екендігін ескерткен Есмағамбетова азаматтардың масканы дұрыс тақпай жүргенін атап өтті.
"Адамдар көп жағдайда масканы иегіне тағып алады. Құрметті қазақстандықтар, масканы иекке тағу сізді коронавирустан қорғамайды. Маска бет пен мұрынды жауып тұруы қажет", - деді Есмағамбетова.
Сонымен қатар бетті қолмен ұстауға болмайды. Негізгі ереже – күнделікті қолдың гигиенасын сақтау. Яғни, үнемі қолды жуып, антисептиктерді қолдану керек.
"Аса қажеттілік болмаса қарым-қатынастардан аулақ болу керек, бұл инфекцияның қоғамда таралуын азайтып, бұрынғы өмірімізге қайта оралуға мүмкіндік береді", - деді бас санитар дәрігер.
Айта кетейік, 23 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 28 856 адамның коронавирус жұқтырғаны тіркелді. Оның ішінде 18 231 адам симптомы бар науқас болса, 10 625 адамда коронавирус инфекциясының белгісі жоқ.
Сондай-ақ, бас санитар дәрігер елімізде өткен аптада 7 840 адамнан инфекция табылғанын мәлімдеді. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,4 есе көп.