Президент індеттің өршуіне той - жиынды тоқтата алмай отырған халық және әкімдер кінәлі екенін айтты
Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысты дұрыс жоспарламаудың салдары елдегі қазіргі қиындықтарға әкеп соқтырғанын мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. Президент Үкіметтің коронавирус пен өкпе қабынуының статистикасын біріздендіру туралы шешімі пандемияның таралу көлемін нақты көруге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар статистика мен сараптамалардағы кемшіліктердің, жоспарлаудағы тиімсіздіктің кесірінен өңірлер өздеріне қажетті дәрі-дәрмектің көлемін нақтылай алмай отырғанын жеткізді. Барлық проблема жұмысты дұрыс жоспарламаудан басталатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, мұны кәсіби шеберліктің төмендігі деп бағалады. Елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. Президент әкімдер карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізгенін сынға алды. – Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді,– деп мәлімдеді президент. Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен».