Тоқаев коронавирустың таралу жағдайы тек баяндама бетінде бақылауда екенін айтты
Іс жүзінде ірі қалаларда дәрі тапшылығы мен жөнсіз қымбаттату әлі де өршіп тұр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев короновирус індетінің таралу жағдайы бойынша Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп жазды KYN.KZ сайты Қазақпаратқа сілтеме жасай отырып. «Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде мүлде басқа. Президент әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса керек дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларда рейдтер мен тексерулер жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 116-сы медицина қызметкері. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, сондай-ақ, кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті.