Басты жаңалықтар

Жаңаарқалықтар 5 тонна қымызды ауруханаларға тегін таратып шықты

Тұрғын: Халыққа кішкентай болсын пайдамыз тиіп, қымыз дәрігерлер мен науқастарға ем болса екен деген ниетіміз бар

Жаңарқа жұрты  Қарағанды облысына қарасты ауруханаларға арнап қымыз жинады. 5 тоннадан  асатын қымызды аудан тұрғындары ұйымдасқан түрде  таратып көпшіліктің алғысына бөленді, деп жазды KYN.KZ «Бұл қазір ауырып қалғандар мен медициналық мекемелердің қызметкерлері үшін қолымыздан келетін ең аз көмек. Қымыз бен саумал дәрумендерге бай және пайдалы қасиеттерге ие. Олар емделушілерге де, дәрігерлерге де күш береді деп үміттенеміз», - дейді жаңаарқалық тұрғындар.  width= Өткен жұмада Ералиев ауылының тұрғындары Қарағандыға 1 тонна қымыз бен 200 кг құрт алып келді. Осыншама көлемде шипалы сусынды Ералиев тұрғындары бір күнде жинады! Бұл сүт өнімдері облыс орталығының төрт ауруханасына бөлінді. Аталмыш игі істі ауыл тұрғыны Ерлан Түсіпов ұйымдастырды. Ал жеке кәсіпкер Қайрат Өмірбеков қымызды Қарағандыға тегін жеткізді. «Қазақ қымызы ежелден мыңдаған ауруға шипа болған. Біз науқастарға ауруды жеңуге және вируспен күндіз және түнде күресіп жатқан дәрігерлерге күш бергіміз келеді» - деп Ералиев ауылының тұрғындары қарағандылықтарға тілектерін білдірді. Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданының тұрғындары құрбандық шалу рәсімін өткізді. Мұқтаждарға ет таратылып, аудан ауруханаларына ыстық тағамдар таратылды. Жалпы бір апта аралығында Жаңаарқа ауданының тұрғындары Қарағанды, Теміртау, Абай, Жезқазған, Сәтбаев, Нұра және Жаңаарқа аудандарының ауруханаларына 5 тоннадан астам қымыз, бір тоннаға жуық құрт, ірімшік, саумал жинап, жеткізді. Жаңаарқалықтар коронавируспен күресетін адамдарға жақсылық жасауды әрі қарай да жалғастыруды жоспарлап отыр.