Басты жаңалықтар

Шуда карантин кезінде дүркіретіп той жасап, қызын ұзатқан мектеп директоры жауапқа тартылды

42 жастағы ұстаз 83 мың теңге айыппұл төлеп тәртіп сақшыларынан әрең құтылды

Жамбыл облысына қарасты Шу ауданында мектеп директоры қызын той беріп ұзатқаны үшін жауапқа тартылды. Видео желіде тарап кеткеннен кейін полиция арнайы тексеріс жүргізу барысында той исеі анықталды. Олар жаңа туыстары мен өз ағайындарының басын қосып, аудандағы ең үлкен мейрамханалардың бірін жалға алған. Шу ауданының әкімдігі полиция бөлімі және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті бірлесіп жүргізген тексеріс барысында бұл факті ағымдағы жылдың 26 маусым күні орын алғандығы расталды. Ол бойынша карантин режимін бұзып, іс-шара ұйымдастырғаны үшін ауданның 42 жастағы тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 30 АЕК (83 340 теңге) айыппұл салынды. Сонымен қатар, іс-шараны ұйымдастырушы Шу ауданы Төле би ауылындағы оқу орындарының бірінде директор болып қызмет ететіні белгілі болды. Бүгін ол кезекті еңбек демалысында. Демалыс аяқталғаннан кейін тәртіптік комиссиямен оның атқарып отырған лауазымына сәйкестігі туралы мәселе қаралады. Бұдан бөлек, іс-шара өткен мекеме де анықталды. Мекеме иесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.