Басты жаңалықтар

Маман: Күзде коронавирусқа шалдыққандар саны артуы мүмкін

Мамандар коронавирус індетінің қанша уақытқа созылатыны, күздегі ахуал қалай болатыны жайлы өз пікірлерімен бөлісті

Күзде коронавирусқа шалдыққандар саны артуы мүмкін. Алматы қаласының бас дәрігері осындай болжам жасап отыр. Дегенмен шаһарда эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталыпты, деп жазды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып. Аурудан айыққандар саны да артқан. Сәйкесінше, медициналық көмекке жүгінетін науқастар да екі есеге азайды дейді Камалжан Надыров. Дегенмен босаңсуға болмайтынын дәрігерлер қайта-қайта ескертуде. Елімізде дертке душар болғандар 76 мыңға жуықтаса, оның 46 мыңнан астамы ауруды жеңіп шыққан. Алматыда пандемия басталғалы аурудан 5667 адам жазылып шыққан. Өкпесі қабынып медициналық көмекке жүгінетіндер де екі есеге азайыпты. Коронавирусты жеңе алатын жандардың көбеюі Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының басшысы Камалжан Надыровты да қуантып отыр. «Бірақ шаһарда эпидемиологиялық ахуал оңалғанына қарамастан, кеселмен күрес бір сәтке де тоқтамайды», - дейді ол. "Коронавируспен күресті күшейте береміз. Стационарлардың санын арттырып, орын жетіспеушілігін болдырмауға тырысамыз. Өйткені күзде коронавирусқа шалдыққандар күрт көбеюі мүмкін. Бәріне дайын болған жөн. Қазір қалада 9635 науқас бар. Оның 60 пайызы емделіп шыққан. Өлім саны – 73",-деді   Алматы қаласы Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының басшысы Камалжан Надырова. Пандемия басталғалы Алматыда бес жүкті әйел коронавирустан қайтыс болған. Бірақ қаланың бас дәрігері құрсағында сәбиі бар келіншектерге алаңдауға негіз жоқ дейді. Болашақ аналардың қанынан кесел табылған жағдайда оларды қабылдайтын арнайы бөлімдер мен төсек орындар дайын. Тек індетті толыққанды жеңуге медицина мамандарының жетіспеушілігі кедергі болып тұр екен. "Біз 1526 қызметкерден тұратын кадр резервін құрдық. Оның ішінде орта және кіші медицина қызметкерлері бар. Бірақ қосымша төсек-орындар дайындалып жатқандықтан, тағы да мамандар жұмылдыру қажет екенін түсінеміз. Мен әріптестеріме үндеу жасаймын, біз медицина қызметкерлерін жұмысқа шақыруды жалғастырамыз",-деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының басшысы Камалжан Надырова. Еліміздің батыс аймағында да жағдай жақсарып келеді. Мәселен, Атырау облысында СOVID-19 жұқтырған науқастардың 60 пайызы емделіп шығыпты. Тіпті мұнайлы өлкеде бүгін алғаш рет 109 адамның қауіпті індетке шалдыққаны анықталған. Ал осыған дейін бұл өңірде тәулігіне кемі 600 адамнан індет табылатын. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін бұл облыста 43 адам коронавирустан, 6 122 адам өкпе қабынуынан көз жұмған. "Алдыңғы күндермен салыстырғанда аурулардың саны азайып келе жатыр. Бірінішіден, карантиндік режимнің қатты күшейтілуіне байланысты. Екіншіден, мен ойлаймын, Атырау облысы тұрғындарының дұрыс көзқараспен қарап, саулықтарын өзі күтуіне байланысты жасақталып жатқан нәрсе деп айтқым келеді",- деді Атырау облыстық ДСБ басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров. Шығыс Қазақстан облысында күшейтілген шектеу шараларына қарамастан, коронавирусты ауыздықтау оңай болмай тұр. Тіпті жұқпалы дерт шалғай ауылдарға жылдам таралып, мұрттай ұшып жатқандар күрт көбейген. Соңғы тәуліктің ішінде аталмыш аймақта ковид жұқтырғандар бірден 238 адамға толықты. "Оның ішінде 123 ауру белгілері бар науқастар, 115 ауру белгілері жоқ науқастар. Байланыста болғандардың қатарын анықтауда эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда. Жалпы науқас саны 4488 адамға жетті. Осы уақытқа дейінгі сауығып шыққандар саны 2564",- деді ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова. Қазақстанда науқас саны 75 мыңнан асса, коронавирус құрбандары 610 адаммен тоқтап тұр. Көңілге медеу – аурудың жеңіп шыққан жандар 47 мыңға жуықтады.