Басты жаңалықтар

Білім саласы жемқорлыққа батқан: саясаттанушы Дос Көшім Аймағамбетов төңірегіндегі дауға пікір айтты

Саясаттанушы: Елімізде Тоқаев мырзаны мақтап, мадақтау науқаны басталды

Саясаттанушы Дос Көшім желіде көпшіліктің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов төңірегіндегі пікір таласқа өз болжамын жасады. Айтуынша тура қазір министрді орнынан алайын деп тұрған ешкім жоқ. Тек елдің сөзіне үдере еретін халық айтысып әлек. Көпшілік  арасында Аймағамбетов өзге әріптестері сияқты өз жарнамасына ақша бөліп, елді әлекке салып, өзі жоғарыдан тамашалап отыр деген болжамдар да жетеді. Саясаттанушы Дос Көшім осы ретте өз пікірін  KYN.KZ тілшісіне баяндап берген еді. "Шынында да, өте қызық құбылыс...Тек Асхатты емес, бір топ зиялы қауымның бастамасымен Тоқаев мырзаны мақтау науқыны да басталып кетті.  Мен өз ойымды айтып көрейін: Біріншіден, «бәрі салыстыруда ғана көрінеді» деген орыстың сөзі бар. Меніңше, Білім және ғылым министрін мадақтаушы көпшілік оны: а) Қазақ елінің басқа да министрлерімен салыстыра баға берді. ә) Оны осы уақытқа дейін осы салаға министр болғандармен салыстыра баға берді. Әрине, бұл жағынан келгенде Асхат оқ бойы озық тұр. Екіншіден, сөз жоқ, ақпарат заманында (соғыстың өзі «ақпараттық аралас майдан» деген атқа ие болған заманда) министрге тықыр таянғанда, оны жақтаушылар әлеуметтік желіні пайдаланады. Ал ерме көпшілік «аттысы – шапты, жаяуы – қапты» деп,  дүрмектің шаңының соңынан аттың басын жібереді. Қазақпыз ғой... Екіншіден, менің білуімше, ешкім де Асхатты орнынан алып тастайын деп жатқан жоқ сияқты. Егер ондай хабар келсе, «қорғау, қолдау шаралары» бұдан да белсендірек болар еді. Бір жерде оның ғылыми еңбегі туралы ақпарат берілді, меніңше, бұндай жағдайда министрдің өзі тәуелсіз сарапшыларға жүгінуі керек. Өтірік пен шындық сонда ғана ашылады. Осындай жағдайдағы ең өкінішті мәселе – оны асыра мақтау мен асыра жамандау сияқты. Бұл – ешқандай абырой әкелмейтін әрекет. Нақты жасаған жұмыстары мен нақты кемшілктерін көрсету жетіспейді. Бұл да – кеңес жүйесінен қалған ауруымыз. Не бәрі жақсы, немесе – барлығы да жаман. Мақтаушылар оның жіберген қателігін айтпайды, не «жаманын жасырады», ал даттаушылар оның жақсы жағын көрсетпеуге күш салады.  Байқайсыздар ма, біздің тағы бір қасиетіміз бар. Біздер парасатты, мәдениетті, қолы таза адамдарды жақсы көреміз. Бұл – біздің ұлттың тамаша қасиеті («Түсі тәуірден түңілме»). Тоқаевты мақтаушылар мен қолдаушылар да осы жерде Асхаттың жақтаушыларына ұқсайды. Ал мен болсам, халықтың БАСШЫ қызметкерлердің нақты шешімдері мен іс-әрекетіне ғана баға бергенін қалаймын. Себебі, олардың шешімдері - біздің болашағымызға тікелей әсер етеді. Айтудан жалықпаймын – қоғам іріп-шіріп, билік жүйесі әділетсіздік ауруына ұшырағанда, оның бір немесе бірнеше  саласының (білім ме ғылым не медицина) жақсы, дұрыс болуы мүмкін емес. Бұл – аксиома.  Мойындайық, білім саласы – жемқорлыққа батқан, проблемасы шаш етек келетін саланың бірі. Кешегі сайлауда халықтың даусын ұрлағандардың көпшілігі – ҰСТАЗДАР...Меніңше, бүгінгі Асхат бауырымызды мақтаушылар, жақтаушылар – осы келеңсіздікті өзгертетін азаматтың билікке келуін асыға күтетін жандар болар деп ойлаймын. Бұл – үміт оты. Ал үмітсіз жанды қазақтың не деп атайтынын бәріміз білеміз",- деді саясаттанушы Дос Көшім.