Басты жаңалықтар
Әміржан Қосанов осы жолғы Құрбан айтты елдегі жағдайға сай атап өтуді ұсынды
- автор kyn.kz
- 29 шілде, 2020
- 260
Саясаткер:Халқымыз бұрын бұлай қиналып көрген жоқ, теңге емес тиын санап қалды.
Саясаткер әлі қоғам белсендісі Әміржан Қосанов биылғы яғни 2020 жылғы Құрбан айтты бұрынғыдан өзгешелеу, елдегі жағдайға сай икемдеп өткізуді ұсынды, деп жазды KYN.KZ.
"Бұл ерекше Құрбан айт болғалы тұр. COVID-19-дың қиындығына, елдің қиналысына дәлме-дәл келіп тұр. Қазір қаншама ағайын жұмыссыз, табыссыз қалып, ертеңгі күні не боларын білмей жүр. Жұрт теңге емес, тиын санап қалды!
Оның үстіне құрбандық шалу ісі де коронавирустық тәртіптің тыйымдарына ұшырап жатыр, мал союға ниет еткен ағайынның мүмкіншіліктері шектеліп қалды.
Дәл осындай кезде бұрынғыдай әр отбасы міндетті түрде қан шығарып, қой (немесе бірігіп, ірі мал) сойып, құрбандық шалуы, тек қана ет үлестіруі қисынды болар ма екен?
Әр аулада, әр ауылда нақты қиналып жатқан ағайын бар. Олар күнделікті көз алдымызда. Олар мал сыбағасынан гөрі нақты ақшаға зәру! Оларға ет қана емес, басқа да азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар қажет.
Ниет еткендердің тілегі қабыл болып, құрбандық шалсын. Ол дұрыс.
Бірақ сонымен бірге құрбандық шалу ісі бұрын-соңды боп көрмеген сын кезеңнің талабына сай болуы керек сияқты.
Мәселен, осы жолғы Құрбан айтта құрбандық шалуға жұмсалуы тиіс ақшасын мүмкіндігі бар отбасылар көмекке мұқтаж жандарға - нақты отбасыларына, балалар үйіне және басқа да көмекке зәрулерге - тікелей берсе. Қаржылай көмегінің мөлшері - құрбандыққа шалынуы тиіс бір малдың құны болсын.
Сонда Құрбан айт секілді ұлы мерекенің гуманитарлық миссиясы жаңаша қырынан танылып, дініміз де, дінбасыларының сөзі де қарапайым халыққа жақындай түсер еді.
Әрине, мен құрбандық шалу мен садақа берудің айырмашылығын бір адамдай түсінемін. Бірақ жаңаша тарихымызды халқымыз дәл бүгінгідей қиналып көрген жоқ. Сол себепті осы жолғы құрбандық шалу ісін уақыт талабы мен мұқтаж адамдардың қалауына сай етейік деген ниетім ғана бар.
Оның үстіне қатаң карантин талаптары да барша жұрттың бір адамдай құрбандық шалуына біршама қиындық келтіріп отыр: енгізгелі отырған онлайн жүйесінің өз шектеулері болатыны сөзсіз. Осындай жағдайда дәл осындай реформация керек сияқты",- деп жазды саясаткер Әміржан Қосанов.