Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Карантин шектеулері кезең-кезеңімен қалай жеңілдейтіні нақтыланды

Карантин шектеулері кезең-кезеңімен қалай жеңілдейтіні нақтыланды
ашық дереккөз
Алексей Цой түріктердің тәжірибесін қолданамыз деп отыр
Карантин тәртібі кезең-кезеңімен жеңілдетілмек! Шектеулерді біртіндеп босаңсыту жөнінде бүгін үкімет басшысы тапсырма берді. Бұған эпидахуалдың біршама жақсаруы себеп. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығында вирустың жұғу көрсеткіші бір пайыздан төмен. Яғни, карантиннің бес аптасында вирустың репродуктивтігі 1,15-тен 0,82-ге дейін түсті дейді Алексей Цой. Ал карантинді жеңілдетуге қатысты нақты шара осы бейсенбідегі мемлекеттік комиссия отырысында пысықталады. Наурыз айынан бері елімізде 100 164 адам вирус жұқтырса, 73 702 науқас кеселден айығып шыққан. Өкініштісі, тұтқиылдан тиген аты жаман дерт 1269 қазақстандықтың өмірін жалмаған. Қазір тәуліктік өсімге көз жүгіртсек, ең көп вирус жұқтырғандар Нұр-Сұлтан қаласында - 156 адам. Ал бір тәулікте бес адам науқастанған Ақтөбе дерттің өсімі бойынша тізімнің соңында тұр. Бес апталық шектеудің эпидахуалдың тұрақтануына әсер еткенін алға тартқан Асқар Мәмин Денсаулық сақтау министріне тапсырма берді. "Бұл ретте ауруханалардың жүктемесі 61 және жедел жәрдем шақыру 62 пайызға төмендеді. Осы нәтижелер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Қалыптасып отырған эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігіне карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын мемлекеттік комиссияның қарауына бейсенбі күні енгізуді тапсырамын",- деді  ҚР Премьер-министрі Асқар Мәмин. Карантин енгізудің тиімді қадам болғанын Алесей Цой нақты деректерімен дәлелдеуге тырысты. Мәселен, шектеу енгізудің арқасында вирустың жұғу көрсеткіші 1,15-тен 0,82 ге дейін азайған. COVID-тің бұл репродуктивтік көрсеткіші тек Түркістан облысында ғана 1-ден жоғары екен. Карантин шектеулері жұмсара түскен күннің өзінде, санитарлық талаптар бақылаусыз қалмайды. "Карантинді кезеңімен жұмсарту барысында бетперде тағу мен гигиена талаптары қатаң сақталуы тиіс. Барлық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарды құлақтандыру жұмысы да бәсеңдемейді. Ал шектеулердің алынып тасталуы қалай жүзеге асатыны мемлекеттік комиссия отырысында бекітіледі",-деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Соңғы тәулікте елде 722 тұрғын вирус жұқтырып, 22 науқас көз жұмыпты. Ал коронавирустық пневмонияға Қазақстанда бір тәулікте 57 адам шалдықса, осы дерттен 9 тұрғынның дәм-тұзы таусылған. Алексей Цой covid-пен күресте және карантиннен шығуда шетелдік әріптестерінің үніне құлақ түрді. Сол үшін Түркияға сапарлап қайтқан министр енді түрік тәжірибесін елімізде жүзеге асырмақ ойда. Ол қаншалықты оңтайлы болатынын уақыт көрсетеді.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар