Басты жаңалықтар

Танымал әнші орыс тілді отандастарын сынап тастады

Ол барлығын өзімізден бастау керектігін айтты

Отандық танымал әнші әрқашанда ұлт пен дінге деген жанашырлығымен көзге түседі. Сәкен Майғазиев желідегі парақшасында орыс тілді қазақтарды сынап тастады деп хабарлайды KYN.KZ   Белгілі әнші парақшаснда достарымен болған шағын оқиғаны баяндап, мысал келтірді. Айтуынша орыс тілді отандастарымыз қазақша көше аттарын бұрмалап, тарихта аты қалған ірі тұлғалардың атын қорлап жүр.   «Кеше ғой. Қанат, Сапар, Ерболат төртеуміз бір көлікте келе жатырмыз. Өзімізше, бірімізден біріміз өткен отансүйгіш, ұлтжанды, тіл жанашырымыз. Қанаттың қызуқандылығын қалтафонының қоңырауы бөліп жіберді: -Әлө, Абаямен келе жатырмыз, Жандосыбаға қарай (ул.Ураза Джандосова) бұрылайық па? Іле-шала менің қалтафоным "шыр" ете қалды. Мен: -...Иә-иә, бәріміз біргеміз, Қаната, Сапара, Ерболата төртеуміз келе жатырмыз. - дедім, достарымды шымши сөйлеп. "Болды, болды, Сәке, түсіндік...", десті ойымды ыммен түсінетін достарым."Иванов, Петров, Сидоров... деген көшелердің атын қазақшалауымыз керек", деп аттандағанда алдымызға жан салмаймыз. Орыстілді отандастарымыз бен дүдәмал дүбәрәларды айтпағанда, баба тілін биік бағалайтын басым көпшілігіміз Тұрар Рысқұлов көшесін "ЫрысқұлыбА" (ул. Рускулова), Жұмағали Сайынды "СайнА" (ул. Саина), Ыбырай Алтынсаринді "Правда" деп жүргенімізді аңғара бермейміз. Тіпті отандық фильмдер мен телесериалдарда, хабарламалар мен жарнамаларда осындай өрескел қателіктер өріп жүр. Өзімізден бастайық, бауырлар», - деп жазды әнші желідегі парақшасында.   Әншінің бастамасына желі қолданушылары «Дұрыс айтасыз, сізді қолдаймын», - деп жарыса жазды. Ал кейбіреулері Сәкеннің  қазаққа жанашырлығы үшін алғыс білдіріп жатты.