Мағжан Жұмабаев туралы тың деректер
Мағжан Жұмабаев. Ақын. Алаш қайраткері. А. Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә. Бөкейхановпен байланысы. Ұлт болашағы үшін күрескен жан.
"Мен жастарға сенемін" -деп өзінің жалынды жырларымен қазақ жастарының рухын оятқан, ұлы тұлғаларымыздың бірі Мағжан Жұмабаев. Ұлт болашағы үшін күрескен Алаш қайраткері. Оның ең үлкен армандарының бірі шығармашылық одақ құру еді. Оған өзінше "Алқа" деп та ат қойған . Бірақ ақынның осы арманы оның түбіне жеткені рас па ? Осыған қатысты және оның өмірімен шығармашылығындағы көп тың деректерді kyn.kz сайтынан оқи аласыз. Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы. Азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан. Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Бекен өжет, өте пысық еді. Қоянды базарына жиі қатынайтын. Сол ұзын жолда ыңылдап өлең шығарады екен. Отыздың бел ортасында елге билік айтуға қолы жетті, болыстыққа сайланды. Анасының есімі – Гүлсім. Гүлсім – Қызылжарда тұратын керей Әшірбек (Әшірбектің ағасы Құрманбайдан Мағжанның болашақ әйелі Зылиха туады) деген саудагердің қызы. Мағжан бойындағы серілік, ақындық қасиеттер әкеден болса, жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, жолдас, достыққа қалтқысыздығы, жұртқа қайырымдылығы осы шешесінен деседі. "Садақ" журналын шығаруға атсалысады, басылымға өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды. "Бірлік" ұйымының жұмысына белсене араласып, "Балапан" қолжазба журналын шығаруға көмектеседі. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, "Қазақ" газетіне өлеңдерін жариялайды. "Алаш" партиясының Ақмола облысы комитетінің мүшесі болды. "Үш жүз" партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айдай абақтыда отырып шығады. 1919-1923 жылдары Ақмола губерниялық "Бостандық туы" газетінде, "Шолпан", "Сана" журналдарында, "Ақжол" газетінде қызмет істеп жүріп, халықты ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс "Батыр Баян" поэмасын жазып, жарыққа шығарады. 1923-1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде, оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады. 1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжанның жыр жинақтарын талқыға салды. Мәскеуде оқыған қазақ жастары оған "ескілікті жырлаушы ақын, керітартпа, көнені көксеуші ақын, заманмен бірге алға жылжуды қаламайды" деп ат қойып, айдар тақты. Сөйтіп ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Мағжан Жұмабаев қай жерде жүрсе де, оған шығармашылық одақ құру туралы ой маза бермейді. Ол КСРО Жазушылар одағы сияқты ұйым құруды көптен армандап жүретін. Оған өзінше "Алқа" деп ат та қойған. Ұйымның жобасын Қазақстанның әр түкпірінде тұратын әдебиетші қауымға пошта арқылы жіберіп те үлгерген. Алайда ақынның осы арман-мұраты ақырында оның түбіне жетті. "Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұрады. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да, еріксіз бір сезім туғызады. Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді…" Белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытов Мағжанның ақындығы туралы осылай деген еді. Мағжан Жұмабаевтың бірқатар өлеңі махаббат тақырыбына арналған. "Жас келін", "Зарлы сұлу", "Сүйгеніме", "Алданған сұлу" және тағы басқалары. Нәзік лирикасымен махаббатты жырлаған ақын. Әсіресе Гүлсімге ғашық болған кезде махаббат жайлы біраз өлең шығарады. Мағжан Жұмабаевтың поэмалары Қазақ лирикасында үлкен көркемдік жаңалық ашып, соны әсемдік арналарды негіздеп, әсіресе Еуропа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағыттарды ұлттық топыраққа батыл да еркін ендірген Мағжан эпикалық жанрда поэманың ықшам формаларын қалыптастырды. Бір қарағанда, тақырыптық тұрғыдан алғанда, алып-жұлып, әкетіп бара жатқан ерекшелік көрінбейтін секілді: "Қойлыбайдың қобызы", "Қорқыт", "Түркістан", "Оқжетпестің қиясында", "Батыр Баян" – аңыз, тарихи белгілі оқиғаларға, "Жүсіп хан", "Өтірік ертек" – шығыстық сюжет, мысал, тұспалға құрылған. Екі рет ақталған ақын 1929 жылы Мағжан Жұмабаев "Алқа" атты жасырын ұйым құрды деген айыппен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жылға Карелияға айдалып кетеді. Ақынның жиені Райхан Жұмабаева Мағжанның көзі тірісінде де, қаза болғаннан кейін де жазықсыз жазғыру мен айыптан көпке дейін арыла қоймағанын айтады. Зылиха Мағжанның атылудан аман қалғанына қуанды. Түрмеде отырса да, басының амандығын тіледі. Жақынырақ болайын деп Ленинградқа көшіп келді. Ленинградта тұратын құрбысы үйіне кіргізді. Күйеуінің өтініші бойынша оған медицина тақырыбындағы кітаптарды апарып берді. Мағжан емтихан тапсырып, фельдшер болып алды. Енді Зылиха Мағжанды құтқарудың қамына кірісті. Ол Максим Горькийге хат жазу керек деп шешті. Мағжан Горькийдің шығармаларын қазақ тіліне аударған еді. Естуінше, жазушының әйелі Екатерина Пешкова Қызыл Крестің кеңестік бөлімшесін басқарады екен, тұтқындарға көмектеседі деп еститін. Осылайша Пешкованың өтінішімен жаза мерзімі жеті жылға кемітілді. Мағжан Жұмабаев 1936 жылы Отанына оралды. Түрмеден босап, Қызылжарға келгеннен кейін Мағжан шығармашылықпен айналысып, сабақ беремін деп ойлады. Бірақ сотталған деп оны ешкім жұмысқа алмады. 1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. Ақынның шығармалары дүкендер мен кітапханалардан алынып, жойылды. Жарты ғасыр бойы, яғни 1988 жылға дейін оның шығармаларына тыйым салынды. Осы күнге дейін ресми мәліметтерде Мағжан 1938 жылы репрессияға ұшырап атып өлгені ғана анық айтылған. Бірақ даңқты батыр Бауыржан Момышұлы орманда жолыққан адам Мағжан екенін білсе, Атырау облысының 92 жасар тұрғыны Абдулла Абдрахманов оның жалған екенін айтады. Ол кісінің айтуы бойынша Мағжан Жұмабаев 1951 жылы Колыма лагерінде бірге айыбын өтеген кезде ауыр науқастан қайтыс болыпты.