Басты жаңалықтар

Биыл бірінші сыныпқа барғандар әліппе оқиды ма?

Әліппе мектеп бағдарламасына келесі жылдан бастап қосылады. Бүгінде білім министрлігі жоғалған әліппенің әдістемесін дайындап, мемлекеттік стандартқа енгізген.

"Біріншіден, мемлекеттік стандартқа енгізілді. Ол Әділет органдарында тіркелді. Қазір бағдарламаны дайындап, бекітуге дайынбыз.

Бұл бағдарлама ең бастысы Ахмет Байтұрсынов – үлкен ғұламамыздың әдістемесі негізінде болады. Бірақ әдістеменің негізінде деген сол жылдардағы әріптермен, тек қана сол негізде болады деген сөз емес. Ең бастысы – әдістемесі",-деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Араға бес жыл салып қайта енгізілетін оқулықты әзірлеуге ғалымдар ат салысқан. Олар бағдарламаны Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде қазақ тілінің өзіне тән қасиеттерін ескеріп жасап шығыпты. Енді келесі жылы бірінші сыныпқа баратында бірінші және екінші тоқсанда әліппені, ал үш пен төртінші тоқсанда ана тілін оқиды.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, әліппе мазмұны жағынан қарағанда балаларға тиімді болады. Өйткені мектеп табалдырығын аттаған балалардың деңгейі әртүрлі.