Сағадиев интернетте тарап кеткен тест сұрақтарына қатысты түсініктеме берді
«Интернетте жарияланған тесттер біздікі емес». Білім министрі әлеуметтік желілерде тараған ҰБТ сұрақтарына қатысты жауап берді деп жазды ктк арнасына сілтеме жасаған KYN.kz. Ерлан Сағадиевтің ойынша, жұртты дүрліктіріп отырған оқушыларды тестілеу сынағына дайындаған жеке компаниялардың қағаздары болуы мүмкін. Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі: -Компаниялар балаларды дайындаған өздері сұрақтарын шығарып. Сол сұрақтарды енді таратып жүр. Бірақ, ол біздің сұрақтарымыз емес. Оның ҰБТ-ға қатысы жоқ. Сағадиевтің айтуынша, мемлекеттік құпия саналатын барлық тест сұрақтары бірыңғай базаның ішінде сақтаулы тұр. Әйтсе де, біреулердің телефонына суретке түсіріп алып, жариялап жіберуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Бірақ министрдің оған да жауабы дайын. Биылғы ҰБТ-ға 102 мыңнан астам кітапша дайындалған. Әрқайсысының ішіндегі сұрақтар әр түрлі. Сондықтан бір кітапшаның жария боп кетуі ешкімді құтқармайды дейді бас мұғалім.