ҰБТ: қазақстандық түлек химия формулаларын бөтелке сыртына сыйдырған
Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Рамазан Әлімқұлов ҰБТ барысында анықталған ең тапқыр «шпаргалканы» көрсетті.
Оның айтуынша, мектеп түлектерінің бірі химия формулаларын минералды су сыртына жазып алған. «Жыл сайын өз арамызда ең тапқыр «шпаргалкалар» тізімін жасаймыз. Биыл бірегей минералды су бөтелкесі табылды. Онда судың құрамы, заңды мекенжайының орнына химия формулалары жазылған. Ал заң бойынша, аудиторияға минералды су алып кіруге рұқсат етілген», - Рамазан Әлімқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, минералды су бөтелкесі «шпаргалкалардың» бейресми рейтингінде әзірге көш бастап тұр. «Бұл түлектің тапқырлығы бізді қуантады. Себебі, жылдан-жылға ҰБТ-да баланың функционалдық сауаттылық деңгейін анықтайтын сұрақтар көбейіп келеді. Яғни, логикалық ойлау, талдау және білімді тәжірибе жүзінде қолдана алу қабілеті маңызды. «Шпаргалка» авторы техникалық бағытты таңдағаны дұрыс. Ол өзінің тапқырлығымен, ептілігімен еліміз үшін үлкен пайдасын тигізе алады», - деп қалжыңдады Тестілеу орталығының басшысы. Айта кетейік, ҰБТ-ның алғашқы үш күнінде Қазақстандағы орташа балл 83-ті құрады. Ең жоғары нәтиже Алматы қаласында Т. Рысқұлов атындағы ұлттық экономикалық университетте тіркелді. Онда алматылық Хамзин Дәулет Азатұлы 139 балл жинады. Республика бойынша 704 мектеп бітіруші 130-139 балл аралығында нәтиже көрсеткен. Биыл республика бойынша мектеп бітірушілердің 70%, яғни 102 мыңы ҰБТ тапсырады. Мектеп бітірген 147 мың түлектің басым бөлігі ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады. ҰБТ-да жалпы 80 мың сұрақ болады. 2018 жылға арналған Ұлттық бірыңғай тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылған. Қазақстандық мектеп бітірушілерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге екі рет мүмкіндік беріледі. Екеуінде де қажетті балл жинай алмаған балалар ЖОО-ға шартты түрде қабылданады. Сондай-ақ, астаналық түлек ҰБТ-ның арқасында көз жазып қалған ғашығын тапты.