Басты жаңалықтар

Жемқорлықтың иісі шығады: Іргелі әкімі тұрғындарды не себепті жалындырып жүр?

фото:көрнекі

Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округі тұрғындары жазда ақысын жинап берген суға әлі күнге қол жеткізе алмай отыр. Айтуларынша мердігер жеке кәсіпкер "ЖК БЕКСУ" мен округ әкімі Абылай Біржанұлы төрт айдан бері елдің шағымын кейде көмекшілері арқылы, кейде телефоннан тыңдап, тұшымды жауап бермеген. "Алдағы апта су болады" деп құрғақ уәде берумен келген ЖК БЕКСУ қожайыны ақысы төленген суды сұраған кей азаматтарға дөрекі сөйлеп жеке кездесулерге де шақырған көрінеді.

"Біздің ауылда тұратын азаматтардың дені оралман ағайындар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қарапайым қара жұмыс істеп жүрген халықпыз. Көпшілігіміз мемлекеттен не көмектер барын, қанша қаржы бөлініп, ол қалай жұмсалып жатқанын заң бойынша қалай білуге болатынын да білмейміз. Ауылдасымыз Бақыт деген келіншек "Су қажет болса 150 мың теңгеден жинаңыздар" деді.

Біз аузымызға таза су тиетін болды деп бар тапқанымызды жинап, қарызданып, бір кісілер несие алып сол әйелдің қолына ұстаттық. Аңғалдығымыз сонша қырықтан асатын адам келісім шарт не түбіртек ( чек) сұрамаппыз. Сол кезде су бір айдың ішінде қосылады деген еді. Қазір міне төрт айға жақындады судың мұнарасы да (вышка) тұрғызылмаған. Тағы екі аптада күн суытып, су қатады. Сонда біз қыста қар ерітіп тұтынамыз ба?

Неге онда ақшаны алдын ала жинап алды? Әкімдік техникалық қызмет көрсететін "ЖК БЕКСУДЫ" неге келісімшарт бойынша қадағаламайды? Керісінше біз айыпты сияқтымыз. Су сұрасақ ұрыс естиміз, "Өзің кімсің, не айтып отырсың, қайда тұрасың" деген сынды қорқыту-үркіту сарындас жауаптар аламыз.

Екінші мәселе, бұл су ауылымызға "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы бойынша жеткізіліп жатыр екен. Неге онда бағасы тым қымбат?. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеткізіліп жатқан таза су үшін бүкіл Қазақстан ауылдары мен қала маңындағы кенттер 2011-2020 жылдар аралығындағы бағдарламалар бойынша бізге айтылған бағадан он, жиырма есеге аз төлеген. Әкім Абылай Біржанұлынан нақты сандарды ала алмадық. Ол енді өзімізге "Ақшаны неге жинайсыздар?" деп сұрақ қойып отыр. Оның сөзінше ақшаны халық су қосылатын сәтте жинауы керек. Бұл ереженің өзін шу көтерілгенде бір-ақ айтып отыр.

Тұрғындар су үшін 150 мың теңгеден жинап беріп қойды. Бұл жерде әкім ұйымдастырушының қызметін атқарып, екі жақты келістіріп барлық сандарды ашық айтуы міндетті. Бірақ бізде жұмыс олай жүргізіліп жатқан жоқ.

Сондықтан құзырлы органдар мен өкілетті орган қызметтеріне шағым түсіруге бекініп отырмыз. Тұтынушы ретінде заңды құқығымызды қорғап, талабымызды қойып отырсақ "ЖК БЕКСУ" өкілі "Келіспесеңіз ақшаңызды алыңыз, құбырларымды жинап кетемін" деп отыр.

Бұл не сұмдық? Жауапкершіліктің жоқтығы ма әлде халық ойыншық па? Осы жерде әкімнің мойнында ешқандай жауапкершілік жоқ па? Ол не істеп жүр сонда?",- деп шағымданды ауыл тұрғыны Мақсат Жақсылыққызы.

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауылдарды таза сумен қамтамасыз ету бағдарламаларын қадағалап жүрген "Ангел" қоғамдық қорының директоры Людмила Петрова болса Іргелі ауылдық округінде халықтың құқығы тапталып жатқанына сенімді.

"Өз тәжірибемде Қазақстанның бес өңіріндегі таза сумен қамтамасыз ету бағдарламаларын бақыладым. Алдымен халық әкім және сіздердің жағдайда ЖК басшысымен дұрыс әрі ашық түсінісіп алғаны жөн. Біз солай істедік. Егер олар жылы сөзге жауап бермесе шағымданатын онға жуық мекеме бар. Соларға шағым түсіресіздер. Оның барлығын сізге тізіп жазып берейін. Әр үйге суды қосу сол кезде 3000 теңгеден болып еді.

Оны сіз су мұнарасы орналасқан жерден бастап аулаңызға дейін есептемейсіз. Мемлекет халықты сумен қамту үшін жеткілікті мөлшерде қаржы бөліп отыр. Менің тәжірибемде ең қымбат су Ақтөбе облысында жүргізілді. техникалық қызмет көрсетуші компания суды қосу 30 мың деді. Біз бұл бағаның қарапайым халық үшін тым қымбат екенін айттық.

Өтініш, шағым түсіріп жүріп 17 000 деген жауап алдық. Оған қанағаттанбастан түрлі органдарға хабарластық, ақыры 3500 теңге шамасында болды. Іргелі ауылдық округінің халықы сондай қалтасы қалың емес. Қазір карантинге орай жұмыссыздық мәселесі бар, барлық жағдайды ескере отырып бағаны түсіруді сұраңыздар. 150 мың теңге деген сұмдық. Мұның барлығын тексерту керек. Баға қайдан шығыпты?",- дейді Людмила Петрова.

Ал өз кезегінде KYN.KZ тілшісі Іргелі ауылдық округінің әкімі Абылай біржанұлын осы мәселе бойынша сұхбат беруге шақырды. Әкім мырза ресми хат талап еткендіктен халық қойған сұрақтарға жауап алынғаннан кейін барып жария ететін боламыз.

Сонымен қатар сайт атынан Алматы облысының әкімі атына , Монополияға қарсы күрес агенттігі мен Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, Министрлік қарамағындағы суресурстары комитетіне өтініш түсіріп, Іргелі округіне қарасты осы ауылға қанша қаржы бөлінгенін, қалай жұмсалу керектігін, және бағаларын нақтылайтын боламыз.