Блок-бекетте екі полицейді соғып өлтірген жүргізушіге сот жаза тағайындады
Алматыда блок-бекетті жарып өтіп, екі полицейдің қазасына себеп болған жүргізуші 10 жылға сотталды. Азат Азаматовтың қылмысына өкінуі, әрі қолындағы кішкентай баласы жазаны жеңілдете алған жоқ. Судья прокурор сұраған жазаны еш өзгертпестен кесті.
Сотталушы енді қара жамылған қос отбасының моральдық және материалдық шығыны ретінде 66 млн теңге өтеуі тиіс.
Ал марқұмдардың жақындары жаза тым жеңіл деп отыр. Блок-бекеттегі апатқа қатысты соңғы сот отырысына Азат Азаматов келген жоқ. Өйткені тергеу изоляторында карантин жарияланыпты.
Сондықтан өзіне кесілген үкімді онлайн байланыс арқылы тыңдады. Экс-полицей мас күйінде көлік тізгініне отырып, екі адамның өліміне себеп болғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түрмеде өтейді.
Азаматовтың көлік жүргізуді ұмыта беруіне болады – судья оны рөлге отыру құқығынан мәңгіге айырды. Сонывмен бірге жәбірленушілердің моральдық және материалдық шығынын өтеп беруге міндеттеді.
"Азаматов Азат Талғатұлынан Жетпісбаева Аида Бақытжановнаның пайдасына 15 миллион 872 мың 405 теңге көлемінде кәмелетке толмаған балаларының асыраушысы қайтыс болуына байланысты материалдық шығын, 5 миллион көлемінде моральдық залал өндірілсін.
Аман Динара Қанатқызының пайдасына 36 миллион 600 мың 552 теңге көлемінде кәмелетке толмаған балаларының асыраушысы қайтыс болуына байланысты материалдық шығын, 1 миллион көлемінде моральдық залал өндірілсін",- деді судья Мәди Көшікбаев.
Ал сау-тамтығы қалмаған патрульдік көлік үшін мемлекетке 5 жарым миллион теңге өтеуі керек. Қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің жақындары бұл жазаны тым жеңіл деп отыр.
"Ең көп мерзім алуы керек еді. 10 жыл деген – ертең-ақ шығады ғой. Менің балам қырыққа келмей кетті. Ол қырыққа келгенде шығады. Үш баласы жетім қалды",- деді Ж.Жанғазиевтің анасы Нұрсұлу Жанғазиева.
"Келіспейміз. Біз әу баста ойлағанбыз бұл өмір бойына бас бостандығынан айырылатын шығар деп. Мынау біздегі заңның жұмсақтығы болып тұр ғой. Бізде заңды қатаңдатпай бұл арақ ішіп рөлге отыру деген тоқтамайды деп ойлаймын",- деді ДюӘбдіқановтың әкесі Маратжан Әбдіқанұлы.
Азат Азаматов кінәсін бірден мойындаған. Ол сол күні сыра ішкенін, сондықтан апаттың қалай болғанын білмейтінін айтты. Яғни ауруханаға жеткенде ғана есін жиған көрінеді. Қанды оқиға биыл мамырда, карантин тәртібі күшейіп, қалалар толық жабылған уақытта болды.
Таңғы сағат бес жарымда жүйткіген BMW блок-бекеттің бірін бұзып өтіп, патрульдік машинаға соғылған. Көліктегі аға лейтенант Жарас Жанғазиев сол жерде тіл тартпай кетсе, қасында отырған сержант Дастан Әбдіқанов ауруханада жан тапсырған.
Жәбірленушілер апелляциялық сотқа шағымдана ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Бұл туралы адвокаттармен ақылдасамыз деп тарқасты. Ал 10 жылға сотталып, миллиондаған шығынды өндіруге міндеттелген Азат Азаматовтың әкесі тілшілермен тілдесуден түбегейлі бас тартты.