Сенатор: Қандастарға берілген үйде мал да тұрмайды
Красный Яр ауылындағы әрбір үйді салуға бюджеттен 56 мың доллар бөлінген. Алайда құрылыстың сапасы сын көтермейді
Ақмола облысындағы Красный Яр ауылында қандастар үшін салынған "Нұрлы көш" шағын ауданының проблемасы ұлттық комиссияның қарауына шығарылады. Осылайша, 11 жылдық тарихы бар проблема шешілуі керек. Бұл туралы Отандастар қорының жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, ауылдағы әрбір үйді салуға бюджеттен 56 мың доллар бөлінген. Алайда құрылыстың сапасы сын көтермейді.
"Мен бес үйді көріп шықтым. Қабырғасын гипсокартонмен салған. Төбесі өте жұқа. Фундамент те жоқ. Қыста қандастарымыздың барлығы туған-туысын жағалап кетеді екен. Ондай үйге ақша төлеу үшін жағдай болуы керек қой. Өзім бір тиын да төлемейтін едім. Кешірім сұраймын, біздің оңтүстік жақта ондай үйлерде мал да тұрмайды. Ал олар адам ғой, өз бауырларымыз", - деп ашынды Бақтиярұлы.
Бүгінде "Нұрлы көштің" үйлері қандастарымызға жалға беріліп отыр. Бірақ олар ақысын төлемейді, себебі жағдай жасалмаған. Жерді меншікке берсе, сапалы үйді өзіміз салып аламыз деп отыр.