Алматылықтар Олжас Сүлейменовтің немересін соңғы сапарға шығарып салды (фото)
Ескендір Сүлейменов 26 жасында жол апатынан қайтыс болды
Астанада жантүршігерлік жол апатында қаза болған Ескендір Сүлейменовті соңғы сапарға аттандыруға келгендер ғимарат ішіне сыймай жатты. Көпшілік аты аңызға айналған қоғам қайреткерінің қайғысына ортақтаса көңіл айтуға жиылған. Олардың арасында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚазҰУ-нің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Сыртқы істер министрлігінің өкілі мен бірқатар қоғам қайраткерлері де бой көрсетті. Олар қайғыға орай жиылған жұрт алдында Олжас Сүлейменовтың отбасына көңіл айтып, бекем болуға шақырды. Ескендір Сүлейменов 26 жасында өмірден өтті. Атасын өзіне үнемі үлгі еткен марқұм Италия мен Францияда жоғарғы білімін шыңдап, елордадағы ұлттық компания сапында жұмыс істеген. Итальян және француз тілін жетік меңгерген ер жігіт болашағынан зор үміт күттірген. Шетелде алған білімінің пайдасы өз елінің дамуына септігін тигізсе деген ұстанымы да болды. Алайда, айтпай келген жол апаты болашаққа жоспары көп болған жігіттің өмірін қыршынынан қиып кетті.