Нұр-Сұлтанда мектептер әлі ашылмайтын болды
Елордадағы жоғары сынып оқушылары екінші тоқсанда да мектеп партасына отырмайтын болды. Олар үшін кезекші топтар ашу әзірге жоспарда жоқ. Бұған коронавирустың таралу екпіні бойынша астананың қазіргі уақытта «қауіптің сары аймағында» болуы себеп.
Ведомствоаралық комиссия Нұр-Сұлтандағы жалпы білім беретін мектептерде бесінші, ал халықаралық мектептерде жетінші сыныпқа дейінгі оқушылар үшін кезекші сыныптар ашуды келесі отырыста қарамақ. Дегенмен, мектептерде бірден төртінші сыныпқа дейін оқитындар кезекші сыныптарға бара береді. Ал Алматыда жағдай мүлдем басқа.
300 оқушысы бар мектептер дүйсенбіден бастап 1-11-ші сынып аралығындағы балаларды қабылдауды бастайды. Тек оқушының созылмалы ауруы болмауы тиіс. Қаланың бас ұстазы да қайта-қайта ата-аналардың жауапкершілігі туралы айтып жатыр. Балаларының қайта партаға отыруына 24 мектептің ата-анасынан келіп түскен 578 өтініш себеп болған екен.