Сот төрелігіндегі мемлекеттік тілдің рөлі
Барлық салада мемлекеттік тілдің үлесін арттыру бүгінгі басты міндет.Сондықтан, мемлекеттік органдар өз жұмыстары барысында құжат айналымдарында мемлекеттік тілдің үлесін арттыруды ерекше назарға алуы тиіс. Сот жүйесінде бұл міндетті орындау кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Жақында Алматы қаласындағы Алатау аудандық сотында судья Нұржан Карабаев өткізген «Сот төрелігіндегі мемлекеттік тілдің рөлі» тақырыбындағы онлайн семинарда осы мәселе тағы бір талқыланды. Шараға аудандық прокуратураның бөлім прокуроры Жандос Саурбаев, аудандық қылмыстық-атқару жүйесінің пробация бөлімінің қызметкері Багдат Дауренбаев, адвокат Рыскуль Байзуллина, Алатау аудандық сотының мамандары қатысты.
Сот істерін мемлекеттік тілде жүргізудің жай-жапсарын сөз ете келе, семинар модераторы Н.Карабаев сот өндірісіне қабылданатын істердің арасында мемлекеттік тілдің үлес салмағы жылдан жылға көбейіп келе жатқандығына тоқталды.
«Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге қолдау көрсету әр саладағы құзырлы, жауапты мекемелердің өз істерін, ішкі және сыртқы құжаттар айналымын сол тілде жүргізуінің есебінен жүзеге асады. Әрине, сотқа талап арыз қай тілде түссе, іс сол тілде қаралады. Бұл жағынан біздегі көрсеткіштер көз қуантады және мұнда Алатау ауданы тұрғындарының негізінен қазақтар екендігінің де үлесі барын жоққа шығармауымыз керек. Ал, сот құжаттарын мемлекеттік тілде сапалы құрастыру, мемлекеттік органдардың арасындағы хаттарды мемлекеттік тілде жүргізу өзімізге байланысты», — деді судья Н. Карабаев.
Сондай-ақ, семинарға қатысушы құзырлы және қадағалаушы орган өкілдері алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу үшін қолға алынуы қажетті тетіктер жайлы ойларын ортаға салып, қатысушылар аталмыш мәселедегі жұмыстарды жетілдіруге септігі зор осындай шараны жиі өткізіп тұру қажеттігін айтты.