Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Жалғызбасты үшемнің анасы бүгінде Тараз қаласында пәтер жалдап, тұрмыс тауқыметін тартуда

Жалғызбасты үшемнің анасы бүгінде Тараз қаласында пәтер жалдап, тұрмыс тауқыметін тартуда
ашық дереккөз

Дәрігердің айтуымен жатырын алдырмақ болған 40 жастағы әйел ғажайыптың арқасында бірден үш баланың анасы атанды.

Самратбаева Ләйлә Тараз қаласының тумасы. Балиғат жасына жеткеннен бастап аналық безінде ақау болған. Тіпті дәрігерлер Ләйлаға жатырында қатерлі ісік бар деген диагноз қойып, жатырын алдырып тастамақшы болған. Бұл туралы Ләйлә Самыратбаеваның өзі KYN.KZ тілшісіне баяндап берді.

"Мен етеккірім келгеннен бастап басымды көтере аламай жатып қалатынмын. Алматыдағы ең жақсы деген мамандарға барып ем қабылдаған кезім де болды. Біра, еш ем қонған емес.

38 жасымда тұрмысқа шықтым. Сол кезде дәрігерлер "Саған бала көтеру керек" деген кеңес берді. Содан жасым болса таяп қалды, дәрігердің кеңесі көкейімде, әр әйел заты ана болғысы келеді емес пе, мен де әрекетімді жасауға кірістім. Дереу қамданып, маңайымда жүрген жігіттердің біріне тұрмысқа шығу қамын ойластырдым. Таңдаған азаматыма ертең мәселе туындамасын деген мақсатта, бірден бойымдағы дертті ескерттім.

Содан түсіністікпен қарағандай болды,үйлендік. Бірнеше уақыт бала болмады. Ол кісі соңғы кездері маған үйленгеніне өкінетінін айтып ішімдікке салынды, артынша күнде соққының астына алатын болды. Бір жылдың айналасында көрген зәбірге шыдай алмай ажырасуға шешім қабылдап, қашып құтылдым. одан қалды өзімді өте кінәлі сезіндім.

Содан жатырдағы ауырсыну күшейді. Қайтадан ем алуға кірістім. ақыр соңы дәрігерлер жатырда қатерлі ісік барын айтып, алдырып тастауға кеңес берді. Екі ай ойланып, күйзеліске түсіп, жұмыс пен араласатын ортамды тастап үйден шықпай оқшауландым. Содан бірінші болып анама басымдағы жағдайды, дәрігердің диагнозы мен кеңесін айттым.

Ол кісі дереу таныстары арқылы шөппен емдейтін кісіні тауып, үмітім үзілген мені сүйреп алып барды. Жарты жылдай ем алдым, Құдайдың құдіреті қолымда медициналық қағазым мен "қатерлі ісік дерті бар" деген дәрігердің анықтамасы бар. Сол айналасы алты айда ем алып, қайта тексерілген сәтте құлан таза айығыппын.

Осы кезде анам мен әпкелерім кеңес берді. "Жасың болса өтіп жатыр. Айналасы 5-6 жылда ана болмасаң әрі қарай қартайып қаласың" деді. Содан, ортақ таныстар арасында ажырасқан, төрт баланың әкесі маған көңілін білдіре бастады.

Сенесіз бе, бір-бірімізді танып, біліп алайық деп үш айға жуық араласып жүрдік. Жақындарым тұрмысқа шыққанымды қалады, одан қалды "балалы болса екен" деп анам отыр. Ал өзімде қорқыныш болды, бірінші тұрмыстағы сәтсіздіктер қайталанады деген үрей басым болды. Сенсеңіз де сенбесеңіз де ақиқаты сол мен ана кісімен бір жақындасқаннан көтердім. Он екі апта дегенде бірге дәрігерге бардық.

Ол кісі құрсағымда үшем барын естіді. Содан үйленуге өзім ұсыныс тастағандай болдым. Ойланып келген балаларымның әкесі "Сені сүймейтін сияқтымын" деп екі ұшты шешім айтты. Жыладым, ұялдым, анаммен ақылдастым. Соңында балаларды өзім үшін дүниеге алып келетін болып шешім қабылдадым.

Содан балалар 28 аптасында яғни 7 айға толмай жатып жарық дүниені көрді. Салмақтары: 1080, 980, 1060 болды. Үш айға жуық өкпесі жетілмеген балалар арнайы аппаратта жатты. Сол кезде не қуанарымды, не қайғырарымды білмедім.

Себебі балалардың ертеңі білесіз болды. Үшеуі тура жап жасыл, құрбақа сияқты, сондай кішкентай болды. Тіпті өсіп, өмір сүріп кетулері екі талай болып көрінді",- дейді үшемнің анасы Ләйлә.

Экономика мамандығы бойынша жоғары білімі бар, есепші болып жұмыс істеген, лицейде сабақ берген ұстаз Ләйлә осыдан кейінгі өмірін тек балаларына арнаған.

Бүгінде Тараз қаласында айына 50 000 теңгеге пәтер жалдап (комуналдық қызмет ақысы бөлек) тұратын келіншектің күнкөріс жағдайы қиын. Себебі, үшемнің күтіміне мемлекеттен 60 000 теңге алып келген. Қаңтар айынан бастап бұл ақша да тоқтады. Себебі балалар бір жасқа толды.

"Анам зейнеткер, сол кісінің ақшасына қарап отырмын үш баламмен. Жұмысқа болса да шыға алмаймын. Балалар бір жасқа толды дегені болмаса олар шала туғандықтан, жасына сай дамып, жетіліп үлгермей жатыр.

Әкелері сол бойы хабарсыз кетті. Одан қалды баланы өзім үшін дүнеге алып келгендіктен ол кісіге ешқандай шарт, талап қоя алмаймын. Арасында туыстар мен ағайындар шамалап көмектесіп тұрады. Бірақ оларда маған көмек қолын созуға міндетті емес. Тіпті үш баланы қараудың өзі анам екеумізге кәдімгідей жауапкершілік. Кезекпен ұйықтап, түнделетіп шаруа жасап барынша әрекеттенбесең оған да үлгермейсің",- дейді үшемнің анасы Ләйлә ханым.

Бүгінде Самыратбаева Ләйлә қандай қиыншылық болмасын, күресуге дайын екенін айтып, Нұриман, Нариман, Нұрислам есімді балалардың болашағына зор сеніммен қарайды. Ал, көмек қолын созып, аяққа тұрып кетуіне демеп жібергісі келетін қайырымды жандардың қолын қайтармайды.

Ләйлә Самыратбаеваның банк картасы бұғаттаулы. Жаңасын ашуға да келмейді. Өйткені төленбеген несиесі үшін Самыратбаеваның барлық мүлкі тәркіленген.

Бұл отбасының жағдайын біліп, көмек қолын созғыңыз келсе төмендегі телефондар арқылы хабарласыңыз:

+7 702 274 08 79 Ләйлә Самыратбаева

+7 777 463 24 63 Ләйлә Самыратбаеваның анасы Шолпан Талғарбаева

Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар