Қаскелеңде жаяу жүргіншімен ерегіскен жүргізуші оны көлігімен басып өлтірді
- автор kyn.kz
- 21 мамыр, 2021
- 205
Мас күйде рөлге отырған егде жастағы жүргізуші ер адамды басып кеткен соң оқиға орнынан қашып кеткен
Алматы облысында 61 жастағы көлік жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан адаммен жанжалдасып, ауыр қылмысқа барды. Ашуға мінген ер адам жаяу жүргіншіні әдейі көлікпен басып өлтірді, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ресми мәліметке сәйкес, 19 мамыр күні Қаскелең қаласында Volkswagen Golf жүргізушісі жаяу жүргіншімен ерегісіп қалған. Содан ашуға мініп, 50 жастағы ер адамды әдейі көлікпен басқан. Соққының қатты болғаны сонша, Volkswagen Golf-тың алдыңғы шынысының ортасы ойылып түскен. Ер адам алған жарақатынан көз жұмып, ал көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетті.
"Күдікті бірден ұсталды. Ол 61 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Рөлге мас күйінде отырған. Қазіргі кезде қамауға алынды" – дейді полицейлер.
Осы фактіге қатысты қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағы (адам өлтiру, басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік тәркіленіп, тиісті сараптамалар белгіленді.
Айта кетейік, заңда мұндай қылмыс үшін 8 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.