Наркозды көп берген: Шымкентте жеңіл ота жасатуға келген қыз өлім аузында жатыр
- автор kyn.kz
- 8 маусым, 2021
- 176
Шымкентт ота жасатуға келген қыз өлім аузында жатыр. Төлеби ауданының тұрғыны Айдана Қалдықұл тілінің астынан өскен етті бес минуттық операцияда алдырып тастау үшін облыстық балалар ауруханасына барған.
Бірақ қарапайым отаны дәрігерлер тым күрделендіріп жіберген. Біреуі наркозды көп беріп қойса, ота үстінде апараттары өшіп қалып 15 жасар науқастың бірер минутқа жүрегі тоқтап қалған. Енді миы қабынған оқушы қыз 10 күннен бері ауыр халде жатыр.
Айдана Қалдықұлдың туыстары 10 күннен бері аурухана торуылдап жүр. Төлеби ауданының тұрғыны тілінің астына шыққан етті алып тастау портал арқылы 27-мамырда Шымкенттегі облыс балалар ауруханасына келген. Бірақ бес минут жасалады деген ота бірнеше сағатқа созылып, тіпті жүрегі берер минутқа тоқтап қалған. Ота кезінде салғырттық танытқанын дәрігерлердің өзі туыстарына мойындапты.
Фарида Өтегенова, Айдананың анасы:
- Наркоз көп берген, салғырттығы, біріншіден. Олар қарамаған, болмаған. Апараттары істен шыққан екен. Кейін өздері мойындап отыр.
- Өздері мойындады ма?
- Иә.
- Кім мойындады?
- Қанат Керімбекович деген. Ол кім боп жұмыс істейді? Бас анестезиолог. Біз білмей қалдық, өйттік деді. Қыздың организмі жас, өзі жеңу керек. Бізде қолдан келер шара жоқ дейді.
Отбасындағы төрт баланың тұңғышы Айдана биыл 9-сыныпты бітірген. Миы қабынған қыз 10 күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Операцияға өз аяғымен кірген жеткіншектің мұндай жағдайда екеніне жақындары сене алар емес. 15 жасар науқасты қалай болса да аяғынан тұрғызып берсін деп отыр.
Зияда Молдыбаева, Айдананың әжесі:
- Білікті мамандарын шақырсын, қызымды аяғынан тұрғызсын. Сол айтар нәрсем. Өрімдей қыз еді, өз аяғымен келіп, мынадай жағдайға түсіп отыр. Кінәлілер жазалансын. Титтей нәрсеге менің қызымды қорлап отыр.
Айдананың жақындары ота жасаған дәрігерлермен кездесуді талап еткен. Бірақ жауаптылардың біреуі сырқаттанғанын айтса, екіншісі сөйлесуден бас тартыпты. Бірақ телефонмен тілдескенде бар жауапкершілікті бір-біріне сілтеді. Ал жансақтау бөлімінің меңгерушісі бес сағаттық отадан шыққан Айдананың бөлімге түскенде миының 90 пайызы қабынғанын айтады. Сондықтан аяғына тұрып кетуі екіталай дейді.
Гүлзира Құдайбергенова, Түркістан облысы балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі:
- Телемедицина болатын болса, телемедицинамен сөйлесеміз. Егер жоғары жақтан кеңес берсе, бәрін істейміз.
- Алматыға, институтқа жөнелтуге болмай ма?
Егер ол жақтан келісім болса. Бірақ барысын бақылаймыз. Қазір баланың жағдайы ондай тасымалдауды көтере алмайды, жағдайы ауыр.
Дәрігерлер Айдана аяғынан тұрғанымен, бұрынғы қалпына енді келмейтінін айтады. 15 жасар өрімдей қыз аман қалса да, мүгедек болып қалу қаупі бар.
Сондықтан оқушы қыздың жақындары қарапайым отада қолы қалт кеткен дәрігерлер жазасын алсын дейді. Қазір дәрігерлер тобына қатысты ішкі тексеріс жүріп жатыр.