Қыдырәлі Болманов қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың айыптауына қатысты жауап берді
Танымал қолөнерші жұлдызды жұптың өзіне алаяқтық жасағанын айтқан еді
Отандық шоу-бизнес жұлдыздары Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдина жақын арада Ырза Тұрсынзадамен арадағы істің ақ-қарасын айтатынын мәлімдеді, деп KYN.KZ . Еске сала кетсек, танымал қолөнерші Ырза Тұрсынзада Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдинаны он жылдан бері жалға алып отырған коттеджін тартып алды деп айыптаған еді. Айтуынша, әншілер "Алтын Орда" халықаралық қолөнершілер академиясының ғимаратын дизайнер іссапармен өңірлерді аралап жүргенде тартып алыпты. "Мен талай адамды ол орталықта қолөнерге баулыдым. Сонымен қатар онда тегін шеберлік сағаттары өтетін студия орналасты, ұлтымыздың бірегей жәдігерлері сақталған. Біздің есігіміз әрдайым ашық еді. Әкімдік қызметкерлері қалаған уақытында келіп, кіре алатын. Кейін мен әкімдік қызметкерлерінен келісімшарттың Қыдырәлі Болманның қолына қалай түскенін сұрадым. Сөйтсем, келісімшарт "Айсұлтан ЛТД" компаниясымен жасалыпты. Ал сәуірде Алматы аудандық сотының сырттай шешімі негізінде есікті болгаркамен кесіп, еш ескертусіз кірген. Сот шешімі жазылған конвертті менің әріптесіме ұсынған. Жеке басқа қол сұғушылық болмау үшін, әріптесім бұл хатты ашпаған", — деген еді Ырза Тұрсынзада журналистермен өткен баспасөз мәслихатында. Алайда, Қыдырәлі Болман әлеуметтік желіде Ырза Тұрсынзаданың сөздерін жоққа шығарып отыр. "Құрметті БАҚ өкілдері және әлеуметтік желі қолданушылары! Бізге қатысты шудың желі тез көтерілуде. Бұл қып-қызыл жала! Ішінде қаңбақ сөз де, ғайбат сөз де өте көп. Ырза Тұрсынзада апайымызбен арадағы істің ақ-қарасын ашық айтатын күн алыс емес", — деп жазды продюсер инстаграмдағы жеке парақшасында. Ол жақын арада журналистермен кездесіп, заңды құжаттар мен фактілер бойынша жауап беруді жоспарлап отырғанын айтты. "Өтетін орны мен уақыты толығырақ тағы xабарланады. Әзірге айтарым осы ғана", — деді ол.