Шетпеде цемент зауытының жұмысшыларлы ереуілдетіп жатыр
Маңғыстау облысының Шетпе ауылында цемент зауытының 200-ге жуық жұмысшысы екі күннен бері наразылық білдіруде. Олар жалақыны 60 пайызға көтерсін деп талап қойып отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Азық-түлік қымбаттап, тіпті өздері өндірген құрылыс материалының құны өссе де, еңбекақы өзгеріссіз қалған. Зауыт басшылығы заңгерлер жалақыға қатысты жаңа келісімшарт жасап жатқанын айтады.
- Жалақыны көбейтуді талап етеміз! Талап етеміз! Талап етеміз!
Цемент зауытының механик, инженер, электрик, машинист, көлік жүргізуші сынды 200-ге жуық жұмысшысы екі күннен бері басшыларынан жалақыны көтеруді сұрап осылай ереуілдетіп тұр. Наразылар ысқырған жел, қақаған суықты да елемейді. Бастысы айлықты 60 пайызға көтерсе болды деп отыр. «Азық-түлік күннен-күнге өссе де, жалақы әлі күнге дейін көтерілген емес», - дейді олар.
Асылбек Озғанов, зауыт жұмысшысы:
- Азық-түлікті көріп отысыңдар. Әсіресе мынау Маңғыстау. Бәрі көріп отыр статистканы. Кешегі баға бүгін өте жоғары көтерілген. Бәрін енді жұмыртқа, тамақ, май, ұн, киімді айтай-ақ қояйын. Белгілі нәрсе ол. Тоқтамайды, қымбатшылық. Күннен-күнге өсіп жатыр. Сол үшін бейбіт митингке шықтық. Қауіпті аймақ, мына цемент дейтін нәрсе пеште қайнайды, мың градуста. Сондай аймақтар бар. Таулы аймақтар бар жүк таситын.
Жұмыстың қиындығы былай тұрсын, тіпті зияны жоғары жерде жұмыс істегенімізге де жарытып төлемейді дейді наразылар. Жұмысшылар зауыт басшылығына бір жарым ай бұрын хат жазған екен. Бірақ қанша айтып шырылдасақ, тыңдар құлақ табылмай тұр деп ашынады.
Самат Айтбаев, зауыт жұмысшысы:
- Алдында біз Алматыдағы құрылтайшыға «Хейделберг цемент» компаниясының басшысына В.Халатқа хат жазғанбыз. Онда да 30-35 пайызға көтеруді. Ол біздің талабымызға ешқандай мән берген жоқ. Оның орнына келіп, ,жұмыстан шығарамын, деп кетіп қалды. ,Сендер жасамасаңдар, жасама» деп. Үкімет басына айтады. Жалақы 200 мыңнан асады деп. Шын мәнінде олай емес. 80 мыңнан басталады, ары қарай жұмысшылардыкі 200 мыңға жетпейді.
Ал зауыт басшылығы қызметкерлеріне жалақыны көтерудің екі нұсқасын ұсындық дейді. Оның біреуі барлығының айлығына бірдей 48 мың теңге қосу болса, екіншісі 26 мың мен 56 мың аралығында көбейтуді көздеген. Біреуін қабылдап бір шешімге келген соң, келер жылдың жоспарына қоспақ.
Иван Пак, «Каспий цемент» ЖШС бас директоры:
- Жалпы қызметкерлерімізге жалақы көтеру бойынша екі нұсқа ұсындық. Соның біреуіне тоқталамыз. 2022 жылдың бюджетіне қосымша 150 млн теңге қарастырдық. Бұл сома еңбекақыны көтеруге бағытталады. Жаңа жылдан бастап жұмысшыларымыз ең аз дегенде 193 мың теңге жалақы алады деп жоспарлап отырмыз.
Зауыт басшылығы жалақыны бұдан артық көтере алмайтынын айтып отыр. Қазір мекеменің заңгерлері арнайы келісімшарт жасақтап жатыр екен. Құжат дайын болған соң, жұмыс беруші мен жұмысшылар оны өзара талқылап ортақ мәмілеге келуі қажет.
Бірақ жаңа ереже 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Енді ереуілшілердің жаңа жылға дейін күтуден басқа амалы жоқ. Егер уәде орындалмаса, қайта ереуілге шығады.