Мамин: Қазақстан вакциналау қарқыны бойынша ТМД-да көш бастап тұр
Қазақстан коронавирусқа қарсы халықты вакциналау бойынша ТМД-да бірінші орында тұр. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта коронавирусқа қатысты жағдай жақсарғанын айтты. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысы "қызыл" аймақта тұр.
Үкіметтің болжамы бойынша, жақын уақытта Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары "сары" аймаққа өтуі керек.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 8,5 миллион (75%) адам вакцинаның бірінші компонентін салдырды, ал 7,8 миллион адам (69%-ке жуық) вакциналаудың толық курсынан өтті. Ересек адамдар "Спутник V", Verocell, Qazvac препараттарын салғыза алады.
Қарашада Қазақстанда 12 жастан асқан балаларды, сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдерді вакциналау басталды. Бұл топтағы адамдарға Pfizer препараты салынды.
2021 жылдың қарашасының соңында коронавирусқа қарсы қайта вакциналау басталады.