Баланың еркін өсуіне кедергі болатын 10 қателік
Күнделікті қауырт тіршіліктің қамымен жүргенде балаға түймені қалай ағытуды үйретуден гөрі өзіміз киіндірген оңайырақ. Асүйде күнделікті бірге жұмыс жасаудың орнына, оған шырын құйып бере салу әлдеқайда қолайлы. Бірақ жақын күндері алдымызда ұзақ демалыс күтіп тұр. Тиісінше бүкіл отбасы мүшелерімен үйде болғанда, сіз нәрестеңіздің өзін ортада еркін, тәуелсіз сезініп, жеке дамуына ықпал ете аласыз.Баланың тұлға ретінде дамуы тұрғысында көпшілік қауым жіберетін қателіктер тізімін қарап шығыңыз. Сізде алда бір аптаға жуық демалыс бар. Осы күндері сіз кішкентайыңыздың бойында кем дегенде бір жақсы әдетті дамыта аласыз.
Осы және өзге де бүлдіршін жайлы ақпаратты Kyn.kz ақпараттық порталынан оқып біле аласыз.
Қателік 1. Шектен тыс асығу
Бала әлі психологиялық және физикалық тұрғыдан дайын емес дағдыларды игеруге асығудың қажеті жоқ. "Әрине, сіз екі жасар баланы аяқ киімінің бауын байлауға үйрете аласыз", — дейді психолог Оксана Лысикова. Бірақ бұл тұста баланың ерік-жігеріне, қалауына мән беріңіз. Өздігінен белгілі бер нәрсені үйрену азапқа айналмауы қажет екені естеріңізде болсын.
Не істеу керек? Егер нәрестеге белгілі бір іс-әрекетті орындау, белгілі бір дағдыны қалыптастыру қиынға соғатын болса, асықпаңыз. Бұл ретте бір қадам артқа шегініс жасаңыз. Қарапайым әдістермен түсіндіріп, жеткізуге тырыса біліңіз. Қиындық тудырған жаңа дағдыны міндетті түрде бағындыратын боласыздар. Бірақ, сәл – кейінірек.
Қателік 2. Баланың қызығушылығы мен белсенділігін тежеу
«Ол жаққа көтерілме – құлап қаласың», «Бұталардың артына қашпа – адасып кетесің!». Дәл осы сипаттағы әңгімелер барлығымызға таныс болар. «Өмірге деген қызығушылық, белсенділік бізге біржолата берілмейді, - дейді ресейлік психолог.
"Олардың екеуі де адам бойында дамып, белгілі бір кезеңде басылуы мүмкін.Сонымен қатар, балалар сіз айтқан ескертпелердің тек екінші бөлігін ғана есте сақтайды". Көп ұзамай кішкентай бала айналада тек қана қауіп бар деген көзқарасты өз ойында қалыптастырып алатын деңгейге жетуі мүмкін.
Не істеу керек? Баланың белсенділігі жоғары кезеңде үнемібірге болуға тырысыңыз. Керек болса сол төбешікке бірге көтеріліңіз, бұталарда не жатқанын көру үшін балаңызбен бірге барыңыз, бірге ролик тебіңіз. Бала сіздің қасыңызда өзін анағұрлым қауіпсіз сезінетін болады. Сондай-ақ сіздің салқынқанды мінезіңізді міндетті түрде көшіреді.
Қателік 3. Өз бетінше әрекет еткені үшін жазалау
Үш жасар қыз қонақтар келуге 10 минут қалғанда өз қалауымен стақандарға шырын құйып шығуға келген болатын. Алайда абайсызда еденге төгіп алды. Анасынанбірден: «Енді бәрін өзің сүртіп, тазала!» деген пәрменді естіген қызы көзіне жас алды. Бұл ауыр жұмысты орындау қорқынышты әрі өзін қабілетсіз сезінді.
Не істеу керек? Болған жағдайды бірден өз бақылауыңызға алыңыз. Бірдеңе сынып, төгіліп кетсе де мақтауды ұмытпаңыз. Келесі ретте қателік жасауға қорықпайтын деңгейге жеткізе білуіңіз қажет.
Қателік 4. Баланың қолынан келетінін немесе өзі істей алатынын сіздің орындауыңыз
5 жасар баланы сіз киіндіріп отырмаңыз немесе қасықпен тамақтандырмаңыз. Тіпті асығыс болсаңыз да.
Не істеу керек? "Балалар бір нәрсені ұнатпаған кезде баяу орындайды, - дейді психолог. Қызықтыруға тырысыңыз. Сол себепті баланы қызықтыру арқылы кез келген іс-әрекетті лайықты деңгейге жеткізе аласыз.
Қателік 5. Қалтқысыз мойынсұнуды, өзіңізді тыңдауын талап ету
Қатты бақылауда өскен бала кез келген істе басқа біреудің пікіріне сүйенуді қалыпқа айналдырып алады. Ал кейін тіпті ол көпшіліктің пікіріне бағынуға дағдыланады. Сөзсіз мойынсұнғыш бала өз қалауын үнемі басып, тұншықтырып отырады.
Не істеу керек? Балақайыңыз үшін сіз келтіретін тыйымдардың саны көп болмауы керек. Көбінесе балаға қарапайым таңдауды ұсыныңыз. Қарапайым сұрақтар қою арқылы балаңыздың пікірін назарға алыңыз. Төрт жасар бала дүкенде қандай түсті көйлек таңдау керектігін өзі шеше алады. Сондықтан бала өз қалауын басқалардың пікірін басшылыққа алмай-ақ ажыратуды үйренеді және болашақта өз бетінше шешім қабылдауда қиындықтар болмайды.
Қателік 6. Сәбиіңізді басқа балалармен салыстыру
Балақайды басқа таныс балалармен салыстыруды ойыңызға алмаңыз. Мұндай жағдайды бала ата-анасының оны шынымен жақсы көретініне күмәндана бастайды. Соның салдарынан бала дәрменсіз сезімін бастан кешіруі мүмкін. Өзіне деген сенімсіздік пен қауқарсыздықтың бастауы осында.
Не істеу керек? Бұл тұста ең дұрыс стратегия - баланың жарысын ұйымдастыру. Әрине, көршінің баласымен емес, тікелей өзімен. Нәрестеңізбен жетістікке бірге жетуге ұмтылыңыз. Өткен жетістіктерді еске түсіру балаңызды жаңа жетістіктерге жетелейді.
Қателік 7. Баланың өз бетінше ойлануын тежеу
Нәресте сұрамаған, сұрай алмаған көмек оның дамуын кешіктіреді.
Не істеу керек? Бала биік сөреден бірдеңе алуға тырысып жатыр ма? Оған бұл жерде не істеуге болатынын өзінің ойлауына мүмкіндік беріңіз. Бұл тұста кішкентайға назар аударған дұрыс. Баланың қалауына, сұрақтарына мән беріп қараңыз. Үнемі ашық сөйлесуге тырысу арқылы бала кез келген мәселеде көмек сұрауға қысылмайтын болады.
Қателік 8. Баланың қиялын тежеу
Кез келген шығармашылыққа негізделген іс-әрекет барысында баланың қиялына ерік беруіне шек қою күнделікті тұрмыста жиі кездесіп жатады.
Не істеу керек? Баламен үнемі тығыз қарым-қатынаста болыңыз. Сәбиіңіздің не қалайтынын, нені армандап, қандай ұшқырлыққа бара алатынынан хабардар болғаныңыз жөн.
Қате 9. "Нәтижеге" жұмыс істеуді талап ету
Ыдыс-аяқтың тез әрі таза жуылғаны сіз үшін маңызды. Бала бұл процеске ең алдымен қызығушылық танытады. Сайып келгенде, ол ыдыстарды жууды үйреніп қана қоймайды, сонымен бірге судың қасиеттерін зерттеуге тырысады. Бір сөзбен айтқанда, ол өзін қоршаған әлеммен танысудың алғышарты.
Не істеу керек? Кез келген нәресте көмегін білім беру ойыны ретінде қарастырыңыз. Баланы қатты асықтырмауға тырысыңыз. Бала әрбір іс-әрекеттен сабақ алып үйренуі қажет.
Қателік 10. 100 рет көрсеттім, бұл жеткілікті деп ойлау
Балаларда сіз ескеруге тиіс қабылдау ерекшеліктері бар.
Не істеу керек? Міндетті түрде тапсырманы кезеңдерге бөліп, баланың алдыңғысын игергеннен кейін ғана келесіге өткеніне көз жеткізіңіз. Баланың кез келген іс-әрекеттерді орындау барысында жіберетін қателіктеріне үлкен мәселе ретінде қарамаңыз. Көзбен көру, есту, ақылымен ойлап, санаасымен қабылдайтын қабылдау ерекшеліктері сіздің есіңізде болсын.