Президент лаңкестердің қарапайым халықты қалай алдағанын айтты
- автор kyn.kz
- 10 қаңтар, 2022
- 249
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған лаңкестердің қарапайым халықты адастырып жібергенін айтты. Тұрғындар алғашында қалада бейбіт митинг жүріп жатқанына сеніп қалған. Бұл туралы мемлекет басшысы ҰҚШҰ кеңесінің сессиясында баяндады.
"Бірінші кезеңде бейбіт наразылықтар болды. Одан кейін Алматыда саяси митинг өтті. Содан соң қалаға шибөрілердің үлкен тобы секілді қаруланған содырлар үш бағыттан лап берді. Бастапқыда олар өздерін бейбіт шерушілер ретінде көрсетті.
Осылайша олар құқық қорғау күштерін, тіпті қала тұрғындарын жаңылыстырды. Ал содан кейін тарихта, бәлкім, Алматы трагедиясы ретінде қалатын жайт орын алды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы алдын ала тергеу аяқталған соң Қазақстан әлемдік қоғамдастық сотына елімізге қарсы жасалған лаңкестік шабуылдардың алдын ала ұйымдастырылғаны жөнінде қосымша дәлелдерді ұсынатынын алға тартты.
Президент Қазақстанда болған жағдайды мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті деп атады. Оған қоса, Тоқаев елдегі тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған бейбіт тұрғындар жайлы хабарлады.