Депутаттар халыққа сыртқы қарызы жеті жарым триллионға жеткен "Самұрық-Қазынадан" ақша дәметпеуді ескертті
"Самұрық-Қазына" қорының табысын елмен бөлісу идеясы Мәжіліс депутаттарына ұнаған жоқ. Өйткені әр азаматқа бөлген күннің өзінде 500 теңгеден аспайды екен, деп жазды KYN.KZ КТК арнасына сілтеме жасай отырып.
Одан да қордың белшеден батқан сыртқы қарызымен дереу айналысу қажет дейді мәжілісмендер.
Бүгінде "Самұрық-Қазына" қарызы жеті жарым триллион теңгені құрайды. Бұл шамамен 18 миллиард АҚШ доллары. Егер қор түбегейлі таратылатын болса, қарыз берушілер ставкаларын көтеріп, несиелерін дереу қайтаруды талап етуі әбден мүмкін. Сондықтан Төменгі палата депутаттары қордың тағдырын ақылдаса отырып шешуді ұсынды.
Басшылықтан білікті бизнесмендер, инвесторлар, қаржыгерлер, экономистер мен сарапшыларға құлақ асуын сұрады. Оның үстіне, жыл сайын триллиондап ақша тауып жұмсап отырған Қордың қазынаға салған қаржылары да күдік тудырады. Реформалары тек лауазымды тұлғаларын ауыстырумен шектеліп жатқан "Самұрық-Қазынаның" жұмысына депутаттар біраз ұсыныс тізіп берді.
"Қазір қордағы үлесті әр қазақстандыққа бөліп беру жайлы ұсыныс айтылып жатыр. Бір қарағанда өте керемет идея сияқты. Алайда "Самұрық-Қазынаның" қазіргі қаржылық жағдайын ескерсек, мұндай үлестен бір адамға айына небәрі 500 теңге ғана кіріс түседі. Біздің ойымызша, қордың барлық активтеріне кешенді аудит жүргізу керек.
Бейінді емес компанияларды бәсекелес ортаға берген жөн. Бейінді компаниялардың тиімділігін бағалап, қаржылай сауықтыру жүргізіп, тек содан кейін ғана қор нарығы, соның ішінде халықтық IPO арқылы сату туралы шешім қабылдау керек",-дейді мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.