Нұр- Сұлтанда бір мектептің оқушыларын тасмалдауға 92 миллион теңге бөлінген
Нұр-Сұлтанда бір мектеп оқушыларын тасымалдауға бюджеттен 92 миллион теңге бөлінген, деп хабарлайды KYN.KZ сайты Информбюроға сілтеме жасап.
Қомақты қаржы мемлекеттік сатып алуда қаралып, конкурсқа жарияланған. Қомақты қаржы шындығында қайда жұмсалады?
Тәуелсіз сарапшы Исатай Аңсаттың айтуынша, бір мектеп үшін бұл көп қаражат. Ал мемлекеттік сатып алуда көлеңкелік тұстар көп дейді. Себебі автобуспен қатынауға мектеп оқушыларының тек 30 пайызы мұқтаж болуы мүмкін. Көп жағдайда мектепке бала сол маңайдан жаяу қатынайды немесе ата-анасы тасымалдайды дейді.
"Менің ойымша 70-80 пайыз балалар олар жаяу барады мектепке. Неге? Өйткені олар сол маңайда барлығы да тұрады. Ол маңайда тұрамайтын ата-аналардың балалары да бар шығар. Басқа аудандардан қатынап отырған. Бірақ менің ойымша олар көп болса 15, әрі кетсе 30 пайыз шығар",– дейді сарапшы Исатай Аңсат.
Ал мектеп басшылығы мұнымен келіспейді. Айтуларынша, мектеп қаладан шалғай орналасқан. Қазір мың жарым оқушы арнайы автобустар арқылы қатынайды дейді. Мәселенің шешімін табуды ата-аналардың өзі сұраған.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше мемлекет тарапынан бөлініп отырған ақша автобустың санына қарай есептелген. Алда қашықтан оқу жүйесіне көшкен жағдайда жыл соңына қарай қаражат үнемделіп, бөленетін сома өзгереді.