Басты жаңалықтар

Айгүл Орынбек: Мықты болсаңдар бірінші Мәсімовтің тісін қағып, денесіне үтік басыңдар

Құқық қорғаушы, заңгер Айгүл Орынбек Қаңды қаңтарды ұйымдастырғандарды ұстауда бейкүнә халықты азаптап, қорлау, елді жүйеге, қазіргі президентке қарсы қоюмен тең екенін айтты. Құқық қорғаушы министр Ерлан Тұрғымбаевты "азаптауға бұйрық берген қанды қол министр" атанудан сақ болуға шақырды, деп жазды KYN.KZ сайты.

"Халықты қорлап, азаптауға бұйрық берген кім?

Мойындау керек, қоғамда “Полицияның мәртебесін көтеріп, жалақысын жоғарылату керек” деп, мәселені ортаға салып жүрген белсендінің бірі - менмін!

Бірақ, жандарын қоярға жер таппай шырылдап, көмек сұрап жатқан халқымды көріп, бұдан артық шыдап та, қарап та отыра алмадым!

Алаңға шыққан жігіттердің тісін жұлып, үтік басып, тырнағына ине тығу - бұл енді нағыз қатігездік! Адам тұрмақ, жануар мен жәндікті де бұлай қорлауға болмайды ғой!

Кәнігі жан-жануарды азаптағандарды тауып, заңмен қудалап жатқанда, бізде адамның жанын осылай азаптайды. Басқа емес, полиция азаптайды! Иә, алаңға шыққандардың арасында қылмыс жасағандар бар, оны жоққа шығармаймын! Бірақ, олардың жазасын полиция бермеу керек! Конституциясы бар құқықтық мемлекетте жазаны сот тағайындайды!

Бүгін халықты үтікпен күйдіріп азаптасаң, ертең полицияны да солай жазалайтынын ұмытпайық!

Шынтуайтында, алаңға шыққандарды емес, алаңға айдап сап айдақтағандарды жазалау керек бірінші! Елдегі төңкерісті Ұлтымыздың қауіпсіздігін қорғауы тиіс төраға жасады!

Мықты болсаңдар, ең бірінші халықты осы жағдайға жеткізген Мәсімовке үтік басыңдар!

Мемлекетке опасыздық жасағаны үшін тісін біртіндеп жұлып, тілін кесіңдер!Ал кінәсіз қара халықты жайына қалдырыңдар!

Азаптап мойындатуды доғарыңдар!Халық отыз жыл бойы биліктің айтқанына көнді, дегенімен жүрді!Енді кеп Елдің тынышын ойлап, сол жүйеге бағынғаны үшін, үнсіз келгені үшін халық кінәлі болды ма? Біз халықты азаптау арқылы Жаңа Қазақстанды құра алмаймыз, Ерлан Тұрғымбаев мырза!

Білсеңіз, Қасымовтың аты тарихта Жаңаөзендіктерге оқ атуға бұйрық берген қанды қол Министр ретінде қалды.

“Қанды қаңтарда” халықты азаптап қорлаған Министр деп тарихқа атыңыз қалмасын?! Көмек сұраған видеоларға сенбейін десең, адамдарды азаптаған суреттер мен бейнематериалдар - тайға таңба басқандай айқайлап көрініп тұр!Неткен қатыгездік?! Неткен заңсыздық бұл?!

Халық Полицияны - қорғаушы емес, қорлаушы қылмыскер деп қорқа, үрке қарауды шығарды! Халықтың қаһары мен көз жасынан қорқу керек!

Бұның соңы жақсылыққа апармайды Министр мырза! Мына заңсыз әрекеттерді дер кезінде тоқтатыңыз! Бұлай жалғаса берсе сіз халықты Президентке қарсы қойып аласыз!",- деп жазды құқық қорғаушы Айгүл Орынбек.