Екібастұзда жалдамалы пәтерден төрт "маугли" бала табылды
Екібастұзда жалдамалы пәтерлердің бірінен төрт науқас, аш бала табылды. Балалар ата-аналарымен бірге антисанитариялық жағдайда өмір сүріп келген, соңғы үш күн нәр татпаған. Үйдегі үлкен бала жеті жаста, қалғандары бес, төрт және үште. Балалар жүре алмайды, адамдардан қорқады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Еріктілердің айтуынша, отбасының жағдайы туралы Екібастұз қаласы әкімдігінің қызметкерлері хабарлап, қоғамнан көмек сұраған.
"Бұған дейін көршілері полицияға пәтерде жанжал, шу болып жатыр деп хабарлаған. Құқық қорғаушылар пәтерге келгенде бәрі тыныш болды, бірақ ата-анасымен бірге аш, жалаңаш балалар отырған. Біздің топқа көмек туралы хабар келгенде тез арада азық-түлік, жөргек, сабын, тазартқыш құралдарға ақша жинап, қолда бар заттарды жинап, демеуші берген нәрсені отбасыға апардық", - дейді жергілікті еріктілер Instagram-да.
Көп балалы отбасының жағдайы еріктілердің зәресін ұшырды. "Балалар лас пәтерде тұрған, барлық жерде нәжіс, зәрдің иісі, шыбын. Балалар жалаңаш, кір-қожалақ. Ешқайсы жүре алмайды. Қыздың іші үлкейіп кеткен, ұлдардың бірі екі күннен аса құсып жүр, екі үлкен баланың аяғы қойырылып қалған. Олар үш күн нәр татпағаны белгілі болды, үйде тамақ жоқ", - дейді ерікті Людмила Былинина.
Еріктілер полицейлермен бірге жедел жәрдем шақырып, балаларды анасымен бірге шұғыл түрде ауруханаға жатқызды."Балалар сыртқа шықпайды, серуендемейді, адамдардан қорқады, маугли сияқты. Анасының айтуынша, олардың денсаулығы жыл сайын нашарлай берген. Ал шамамен бір жыл бұрын жүрмей қалған", - дейді еріктілер.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың бірде-бірі медициналық мекемеге тіркелмегені және дәрігерлерге қаралмағаны анықталды. Отбасы Екібастұзға үш жыл бұрын ауылдан көшіп келген, жалдамалы пәтерде әкесінің кездейсоқ табысы мен балалардың 27 жастағы анасы алатын жәрдемақыға тұрады.
Қазір балалар Павлодар облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр.
"Балаларда пневмония өршіп кеткен, жағдайы орташа ауыр, біреуінен ковид расталды. Сондай-ақ, олардан рахит анықталды. Ата-анасы оларды неге емдемегені белгісіз. Кеше біз балаларға киім, ойыншықтар жинап, ауруханаға жеткіздік. Біз балаларды әлі де құтқаруға болады деп үміттенеміз, мүгедек болып қалмаса екен", - дейді Былинина.