Бата беру: әртүрлі қуаныштарда, Наурызда,тойда айтылатын баталар
Қазақ халқында батаменнен ел көгереді, жаңбыр жауса жер көгереді деген сөз бекер айтылмаған. Үлкендердің батасын алу әр қазақтың арманы, жарты байлығы десек те болады. Сол үлкендер тарапынан айтылатын баталардың қуаныш, жиын, тойға байланысты орны да бар. Назарларыңызға KYN.KZ сайты ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды аталарға, кішкентай балаларғ арналған баталарды ұсынады.
Бата арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі. Оның мағынасы – алғыс айту, ақ ниет, тілек білдіру. Ақсақалдар үйде бір жақсылық бола қалған жағдайда немесе сойылатын малға бата жасап, балаларға құлақ үлестіреді. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген, ізгі ықылас-игілікке деген тілектестік жатады. Қазақта батаны көбінесе келешегі алда жас өспірімдер сұрайды. Жақсылардың, көп жасағандардың, киелілердің, аузы дуалылардың батасын алуды жақсылыққа санап, ырымдайтындар ертеде осындай адамдарға алыста болса да арнайы жіберетін.
Ендігі бір түрі – қонағасына, сойылған соғым басына, жиналған егінге, күздікке, жауын жаумаса тасаттыққа, түрлі жақсылықтарға арналып жасалған той-томалақтарға, берілетін асқа, садақаға сойылатын малдарға берілетін бата. Мұнда батаны жас өспірімдер, балалардың сұрауы шарт емес, үлкендердің де сұрай беруіне болады.
Қазақта батаның түрі тым көп. Әр адам өз білгенін айтса болады. Бірі – «батыр бол» десе, бірі «бай бол», «ақылды бол», «ақ сақалды сары түсті шал бол», тағы бірі «бәледен сақта», -дейді.
Бата – негізінде намаздың соңына қол жайып айтылатын дұға. Қазақ баталары сол дұғаның үлгісінде айтылатын түрлері. Оның бата берушіге байланысты ұзыны да, қысқасы да болады. Әрине, баталар да әр түрлі болады. Олардың қандай жағдайда қай түрі қолданылатынын аңғара білу керек. Олар – ел тірлігі, ұлттық намыс, азаматтық парыз, елдік тұтастық, берекелі бейбіт өмір, достық пен татулық, ағайынның адал көңіл ынтымағы мен бірлігі, жас отауға жақсылық, жорық-шерулерге аттанар сарбаздар мен сардарларға жеңіс тілеу, алыс жолға ат басын бұрғандарға сәттілік, өмір жолын жаңа бастаған өренге, жаңа туған нәрестеге ұзақ ғұмыр, өнегелі жол тілеу, мұсылмандық мұратына ұю, имандылық, әділеттілік, адалдық, елдік пен ерлік, дастархан берекесі. Ұзақ өмір, зор денсаулық, тыныштық, адамгершілік тағы басқалар жайында баталар түрін кездестіруге болады.
Төле би бабамыздың Қойгелді батырға берген батасы
Жүрген жерің жаз болсын,
Айдыныңа қаз қонсын.
Ұйқың-күлкің аз болсын,
Мерейің мақтанып,
Елің-жұртың мәз болсын.
Жая берген жапырақ,
Атсын таңың жарқырап.
Әумин!
Райымбек батырдың төртінші ұрпағы Ақбиев Досжан ақсақалдың батасы
Халқымды даласымен сақтасын,
Жігітті панасымен сақтасын.
Жаманды анасымен сақтасын,
Адамды өз бағасымен сақтасын.
Елдігіміз нығайып, өсіп-өнейік.
Бір Алла, бізді өзі жақтасын!
Әумин!
Ұлыстың ұлы күнінде
Дәулетті бақ берсін
Бақытты ас берсін,
Ұлың оңға қонсын
Қызың қырға қонсын!
Малың өріске толсын,
Дәулетіңді асырсын
Дұшпаның басылсын.
Менің берген бұл батам –
Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам.
Құдайым малды қыл,
Тең – құрбының алды қыл!
Қас сағынған кісіні
Қасқа шұнақ жарлы қыл!
Жас түскен келінге бата беру
Отша лаула, сөнбегін,
Еш жамандық көрмегін.
Қосағыңмен қоса ағар,
Құтты болсын қадамың,
Келін болдың, қарағым.
Салтын ұста, ардақта,
Үлкен ата-бабаңның.
Ошақтан от кетпесін,
Үйіңнен көп кетпесін,
Адал болғын жарыңа,
Лаула, оттай, жалында!
Аумин!
Бата
Құдай жарылқасын,
Бай қылсын.
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын.
Әулие дарысын,
Әруақ жебесін!
Дастарханға береке берсін,
Ерге дәулет берсін.
Шыққанның есесін берсін,
Қалғанның берекесін берсін.
Кең пейіл берсін,
Ұзақ өмір берсін.
От айнала бас берсін,
Өріс толы мал берсін.
Мал берсе,
Қайырлы берекесімен берсін.
Бас берсе,
Азық-несімен берсін.
Ахмет Байтұрсыновтың берген батасы
Құдайым жарылқасын, бай қылсын!
Төрт түлігін сай қылсын!
Кетпес дәулет!
Кең пейіл берсін!
Құрбандығың қабыл болсын!
Тілеген тілегіңді берсін!
Аллаһу ақбар!
Асың, асың, асыңа!
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.
Сенен байлық өтпесін!
Тәңірі берген несібең
Тепкілесең кетпесін!
Желіңнің екі шетіне
Тай шаптырса жетпесін!
Кешке келіп жамырасқан,
Шуылдасып маңырасқан,
Қошқанның енесі
Аллаһу ақбар!
Уа, құдайым қолдасын,
Жіберсін пейіл – жолдасын.
Өмірлерің ұзақтан,
Көгендерің тұсақтан болсын,
Алдыңа береке,
Бақ-дәулетің шашылып жатсын,
Қазаның асылып жатсын.
Періштелер қорғай жүрсін,
Үйің қонақтан арылмасын,
Құдайым пейіл-тілегіңді жарылқасын!
Әумин!
Соқыр Абыздың батасы
Бай бол, барша мұратыңа жет,
Үбірлі-шүбірлі бол.
Қобыландыдай немере ұлың болсын,
Құртқадай ақылды қызың болсын.
«Қырықтың бірі – Қыдыр» деген.
Осы лебізімді байтақ әулие қолдап,
Періште әумин десін!
***
Дастарханыңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін,
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін,
Дендеріңе саулық берсін,
Әумин!
Үйге қонақ келсе қуанып, өте қадірлі қонақтарға тай сойып, қонақасы беріліп, аттандыру дәстүрге айналған. Ал қой, тоқты сою бұрыннан қалыптасқан әдет. Сойылатын малды алдымен үй иесі қонақтар отырған үйдің босағасына әкеліп бата тілейді. Оған бата беруші адам:
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің.
Көк жайлауды жайласаң,
Тай-құлынды байласаң.
Сабаң толсын қымызға,
Шараң толсын уызға.
Өрісіңе мал толсын,
Ақ тілеуің жар болсын!
Аттансын келген қонағың
Біз сияқты риза боп, – дегендей тілегін білдіреді.
***
Қуаныш қайырлы болсын,
Жастар абыройлы болсын.
Уайымдары жоқ болсын,
Көңілдері тоқ болсын,
Адал еңбек арқасында,
Табыстары мол болсын,
Алақандары ашық болсын,
Өмірге машық болсын!
Күйбең қағып кейін қалмай,
Жаңалыққа ғашық болсын,
Ұрпақтары ер болсын,
Кемеңгерлермен тең болсын.
Оларды көре алмағандардың,
Бедел-берекеті кем болсын.
Әумин!
***
Уа, отау иесі,
Қолдасын тәңір киесі,
Инабатың игілікке бастасын,
Пейілің жамандыққа баспасын.
Ошағыңның оты сөнбесін.
Арың мен жаның арамдыққа көнбесін,
Босағаң берік болсын,
Қосағың жерік болсын,
Көңілің ашық болсын,
Өмірің нәсіп болсын.
Жақсының қадірін біл,
Кәрінің әділін біл.
Өнегеңді қазық ет,
Ақылыңды азық ет,
Сағың сынбасын,
Бағың нұрлансын.
Ойың көсем болсын,
Сөзің шешен болсын.
Осының бәрі –
Сөзімнің нәрі, Құдайымның құлағына шалынып,
Тілеуім қабыл болсын!
Әумин!
***
Тәңірі жас жұбайларды,
Шат өмірмен жарылқасын.
Бақыттары арылмасын,
Ешқашанда мұқтаждық көріп,
Еш адамға жалынбасын,
Жастары жүзге жеткенше,
«Дерттімін» деп шағынбасын!
Әумин!
***
Жарылқа, құдай, қабыл ет!
Жарылқаудың қамын ет!
Бай ет, мамыр ет,
Батамды мұстажап ет!
Құдайдан не тілесе,
Соны әзір ет!
Құдай тағала, мұның ақниетін
Қабыл ет! Әумин!
***
Баға алмастай малды бол!
Жалшы менен құлыңа,
Әбүйір берсін қызыңа,
Дәулет берсін ұлыңа!
Әумин!
***
Бір құдайым оңдасын,
Оң жолыңа бастасын!
Үйіңді түрлі апаттан,
Құса-қайғыдан сақтасын!
Үміт артқан ұл қызың,
Ел сенімін ақтасын!
Аумин!
Бүркітші Омар қарттың батасы
Асарың асқар тау болсын,
Жүзерің мұхит, көл болсын,
Сүйенерің ел болсын,
Дұшпаның қара жер болсын.
Абайдай ән,
Жамбылдай сән,
Қажымұқандай күш болсын,
Ұрпақ ұмытпас іс болсын.
Есігің алды ой болсын,
Ой толған қой болсын.
Күнде ауылыңда той болсын.
Жақсыға елікте,
Жаманға желікпе.
Әрдайым шабытты бол,
Сарқылмас бақытты бол!
Әумин!
Қанжығалы Асаубайдың батасы
Көтер білекті,
Берсін тілекті.
Әуелі Құдай оңдасын,
Әжді-әулие қолдасын.
Қызыр менен қырық шілтен,
Пірің болсын жолдасың,
Асада жұртқа барғанда,
Қадірлі болсын өз басың,
Сегіз інген боталап,
Сексен саулық қолдасын.
Сегіз келін қомдасын!
Сені көздеген дұшпанды
Бір Алла өзі жондасын.
Дәрежең аса берсін,
Сені көздеген дұшпанды
Пәлекет баса берсін.
Аллау жар болсын,
Фатикам қабыл болсын,
Кеткенің келіп,
Кемтігің толсын!
***
Жас баланың күлкісін бер,
Жас ананың ұйқысын бер.
Жомарттың қолын бер,
Жорытқанның жолын бер.
Қыздың қылығын бер,
Судың тұнығын бер,
Асаудың арынын бер,
Түнгі оттың жарығын бер.
Асқар таудың паңдығын бер,
Бұлбұл құстың таңғы үнін бер.
Даланың жазықтығын бер,
Гүлдің нәзіктігін бер.
Теңіздің тереңдігін бер,
Қыранның көрегендігін бер.
Ердің көңілін бер,
Бүркіттің жігерін бер.
Лашынның жүрегін бер,
Нағыз достың тілегін бер.
Мәңгі-бақи ажырамас,
Шын ғашықтың тілегін бер!
Әумин!
***
Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын!
Айдан аман,
Жылдан есен қылып,
Үйдегі, түздегі,
Мал басты,
Аман қылсын!
Аллаһу ақбар!
***
Дастарқаның тоқ болсын,
Уайым-қайғың жоқ болсын!
Бақ-дәулет берсін бастарыңа,
Ғұмыр берсін жастарыңа!
Пәле-жала, жын-шайтан,
Жоламасын қастарыңа!
Аллаһу ақбар!
Бекентай пірәдардың батасы
Алтыннан болсын жағаң,
Күмістен болсын тағаң.
Тасқа тары өнгенше,
Таршылық көрмеңдер.
Мұзға бидай өнгенше,
Мұңшылық көрмеңдер!
Жүздерің жайнап,
Келісті болыңдар,
Толған айдай,
Өрісті болыңдар!
Қатарларыңнан озыңдар,
Қоздаған шоқтай қозыңдар!
Ең алдымен,
Берекешіл болыңдар!
Көкорайдай желкілдеп,
Желпілдеп тұрыңдар!
Сексенге келіп,
Селкілдеп тұрыңдар!
Әумин!
Жас келінге бата
Жетегің бұйда болсын,
Арқаның шуда болсын.
Беретін асың болсын,
Көретін жасың болсын.
Бесігің алдыңнан түспесін,
Басыңнан жақсылық кетпесін,
Жамандық саған жетпесін!
Әумин!
Қыз балаға бата (Фариза Оңғарсынова)
Талдай бой берсін
Сұңғыла ой берсін,
Жаздай жамал берсін,
Қардай жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын,
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын,
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Жас жұбайларға бата
Сөзімнің пәктігін берсін,
Көңілдің ақтығын берсін,
Жылулы отбастарыңа
Сәбидің шатты үнін берсін!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын,
Шаршап-шалдыққандар,
Төрлеріңе дамылдасын!
Көлденең кеселден сақтасын,
Күңкіл өсектен сақтасын,
Дау-жанжалдан сақтасын,
Достан көңіл қалғаннан сақтасын!
Шайтанның азғыруынан,
Елдің жазғыруынан сақтасын,
Асып-тасқаннан сақтасын,
Алшаң басқаннан сақтасын!
Отауларың елге сән болсын!
Өмірлерің бал болсын,
Бибі Фатима анамыздың аруағы
Өздеріңе жар болсын!
Әумин!
Ұл балаға берілетін бата
Жүсіптің дидарын берсін,
Мұхамедтің иманын берсін.
Жаныңа даланың кеңдігін берсін,
Әзірет ердің ерлігін берсін.
Абылайдың байрағын берсін,
Бауыржан батырдың айбарын берсін!
Еліңе ырыс-құт орнасын,
Жеріңе тыныштық орнасын!
Өсек-аяңның құрбаны болмасын,
Озбырлардың шұлғауы болмасын!
Алыс жолдарға,
Қолың орманда,
Тайғанақ құздарда
Көлденең келер қазадан,
Жазықсыз төнген жазадан
Әулие-әмбилер қорғасын,
Ата-бала, аруақ қолдасын!
Әумин!
Дәмге бата
Әуелі Құдай есен ет,
Жиреншедей шешен ет.
Атымтайдай көсем ет,
Лұқпандай береген ет.
Ибраһимнің бақытын берсін,
Сүлейменнің тақытын берсін,
Қыдыр құсы қонсын қасыңа,
Бұлбұл құсы қонсын басыңа.
Жорытқанда жолың болсын,
Жолдасың қызыр болсын.
Жоғары болсын жұлдызың,
Бақытты болсын ұл-қызың.
Ас иесі байысын,
Бар ойлаған арманың,
Жақсылыққа сыйынсын!
Аллаһу ақпар!
Сақтық батасы
Уа, құдайым, тілегімді қабыл ет,
Иманымды кәміл ет.
Тозақта жанған оттан сақта,
Қаңғырып тиген оқтан сақта.
Парақор соттан сақта,
Кірлі сумен жуыстан сақта,
Ынтымақсыз туыстан сақта,
Қаражүрек бақылдан сақта.
Көк дауыл қатыннан сақта,
Кеудесін керген келіннен сақта.
Мезгілсіз келген өлімнен сақта,
Ұятсыз қызыңнан сақта.
Түнеріп атқан таңнан сақта,
Жаңбырсыз болған жазыңнан сақта,
Қарсыз мұздақ қысыңнан сақта.
Жастарында әдеп жоқ,
Құр айғай, шуыңнан сақта.
Алдыңнан бақытың ашылсын,
Қызыр Ілияс барарлық пәлені қашырсын.
Аллаһу ақбар!
Той батасы
Әуелі, Құдай оңдасын,
Хақ Расул жәрдем қып,
Әулиелер қолдасын.
Сапар шықсаң, басшы боп,
Қызыр болсын жолдасың.
Шүкірлік қыл Аллаға,
Пейіліңді Құдай алмасын.
Тәубе қылып жүріңіз,
Іриядан болмасын.
Тауфиқ берсін бір Алла,
Арамға ауырың салмасын.
Бақытты болсын ұл-қызың!
Жоғары болсын жұлдызың!
Риза болсын мейманың,
Орнынан келер жиғаның,
Таңда махшар болғанда,
Алдыңнан шығар бергенің,
Көпшіліктен бата алсаң,
Мұратыңа жетесің.
Жомарттық қылсаң тірлікте,
Қуанышпен өтерсің.
Қабыл болғай батамыз,
Кешіре гөр, Алла, қатамыз.
Пәлені дұға қайтарар,
Бұрынғыны айтамыз.
Ықыласқа тойдың біз,
Шақырған соң келдік біз,
Келмек – сүннәт,
Қайту – парыз,
Тойыңыз тойға ұлассыз,
Келген ізбен қайтамыз.
Аллаһу ақбар!
Келін той батасы
Жас келіннің батасы,
Жастардың көп қатасы.
Жек көрмейді баласын,
Анасы мен атасы.
Балалар, көтер қолыңды,
Қайырлы құтты жолыңды.
Ием берсін мал мен бас,
Толтырсын оң мен солыңды.
Мен берейін батамды,
Кішіпейіл бол, келінжан,
Сыйла енең мен атаңды.
Кекшіл болма, қарағым,
Кешірер әркім қатаңды.
Бола берсін ойын-той,
Қызықтырып тойлау – құрмет қой.
Ақыл, естен айырмай,
Жастарым еске алып қой,
Қайырлы болсын тойыңыз,
Құдалар кеуде соқтырып,
Құйрық, бауырға тойыңыз!
Аллаһу ақбар!
Той жасаған үй иесіне берілетін бата
Құрметті той иесі,
Ісіңді тағдыр оңдасын,
Қайда жүрсең қолтықтап,
Қыдыр бабаң қолдасын!
Жамбылға ұқсап көп жаса,
Денеңде дерт болмасын,
Тойың-тойға ұласып,
Жан-жүрегің толғансын,
Күннен-күнге көбейсін,
Дос-жараның, жолдасың.
Бақытың тассын әманда,
Бергенін тәңірі алмасын!
Өміріңді ұзартып,
Балаң менен немерең,
Шөберең мен шөпшегің,
Туажаттар жалғассын!
Жас бөбекке берілетін бата
Көтерейік білекті,
Нұрға бөлеп жүректі.
Бөбекке бата берейік,
Ағынан айтып тілекті.
Сәбиіміз сүйкімді болсын,
Өнер-білімге икемді болсын,
Бәйтеректей бойшаңданып,
Өнер, өршіл, өркенді болсын,
Жақсы жолды таңдасын,
Жамандық тәлім алмасын,
Даналардың дәстүрін,
Жаңаласын – жалғасын.
Шұғылалы шуақ күн кешсін,
Басын сұр бұлт шалмасын,
Қос топшысы талмасын,
Қырандай биік самғасын.
Ары адал, жаны жаз,
Құрбысынан қалмасын!
Абай, Жамбыл, Міржақып,
Шоқан, Ахмет, Мағжандай
Тасқа басқан таңбасын,
Мәңгілік артына із қалдырсын!
Әумин!
Шілдехана тойында берілетін бата
Анасының аяулы
Жарып шыққан кемерін,
Қадам басып өмірге,
Жас шыбықтай бүр жарып,
Жаңа жайған желігін,
Торсық шеке, ақмаңдай,
Өсе берсін бөбегің.
Өмірі ұзақ болсын деп,
Көңілі нұрға толсын деп,
Ақ батамды беремін.
Азамат боп ер жетсін,
Қиын кезде жолдастан
Аямайтын көмегін.
Тойың тойға ұласын,
Бола берсін дегенің,
Аллһу ақбар!
Сүндет тойында берілетін бата
Атың, атың, ату бол,
Ағайынмен тату бол,
Бағаналы таудай бол,
Шағалалы көлдей бол…
***
Ала биең құлындап,
Алатауға сыймасын,
Қара биең құлындап,
Қаратауға сыймасын!
Үйіңнің алды ой болсын,
Қораң толы қой болсын,
Ішкенің қатық болсын,
Несібең артық болсын…
***
Сүндет атың пыраққа айналсын,
Мінген ашамайың таққа айналсын,
Қоржының толы болсын,
Ылайым жолың болсын!
***
Пішпең, пішпең, пішпеңде,
Тілек айтам кішкене.
Бақыт қонсын басыңа,
Жас қосылсын жасыңа,
Байлық берсін үстеме!