Қыдырәлі Болманов Астанадағы даулы ғимаратқа қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстандық продюсер және кәсіпкер Қыдырәлі Болманов қолөнерші Ырза Тұрсынзаданың ғимарат туралы даулы мәлімдемесіне жауап берді
2018 жылғы 22 маусымында Ырза Тұрсынзада Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаны Астанадағы Майлин көшесінде орналасқан ғимаратты заңсыз иемденді деп айыптаған болатын. Болмановтың айтуынша, даулы ғимарат коммуналдық нысан болып табылады және оны балалар мектебіне ыңғайлы орын ретінде құзіретті органдар тағайындаған. «Бір жарым жыл бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектеп ашу туралы әкімдікке хат жазылған болатын. Бұл мектепте оқу ақысын төлеу мүмкіндігі жоқ балалар оқиды. Олардың кейбірі науқас, бірақ талантты, ең бастысы өнер үйренуге ынталы балалар. Осылайша, елуден астам бала оқуға жазылды. Бірақ, мектептің өзі жалға алынған, ондағы 25 мұғалімге жалақы төлеу керек. Балалардың тең жартысын тегін оқыта алмағандықтан, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әкімдіктен төмен бағада ғимаратты жалға алуға өтінім білдірдік. Қазірдің өзінде 30 баланы тегін оқуға қабылдап қойдық, олардың арасында науқас, ата-анасыз қалған немесе әлеуметтік жағдайы төмен балалар бар», - деді Қыдырәлі Болманов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.