Басты жаңалықтар

Түркістан облысында мұғалім болу 1 млн 700 мың: Ауыл тұрғыны бүкіл былықты жайып салды

Бұл жағдай бірнеше жылдан бері жалғасып кележатқан сыңайлы. Себебі, ауыл тұрғыны директордың туысынан жұмыс сұрап, жылдар бойы күткенін айтқан. Сондай- ақ, Жүзімдік ауылындағылар үшін бұл қалыпты жағдай болып кеткен, деп жазды КҮН.КЗ Журналистің инстаграм парақшасына сілтеме жасай отырып.

"Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Ш.Уалиханов атындағы 31 мектептегі былықты естіп, сенбедім. Ал дәлел ретінде аудио жазбаны тыңдағанда тура бір әзілді қойылымдар сияқты. Мектеп директоры Ақмарал Қамбарова есімді жергілікті тұрғын екен. Оның туған әпкесі Айгүл Қамбарова сол мектепте психолог.

Сол психолог "сатушы", директор әпкесі "хозяйка". Бұлай деуіме себеп бар. Психолог ауыл тұрғындары арасынан мұғалім болып жұмыс іздегендерге орын тауып беріп, ақысын алып, келістіріп жүреді екен. Директор соны айтқаны бойынша қолы таза күйінше "бизнесін дөңгелетіп" әдемі болып отыр.

35 жастағы ауыл тұрғыны маған хабарласып, былайша мұңын шақыт.

"Мен екі баланың анасымын. Денсаулығыма байланысты үшінші топтағы зейнеткермін. Осы ауылға келін болып түскелі дипломымды құшақтап, жұмысқа тұруым мұң болды. Тарих пәнін бітіргенмін. Ары жүгіріп-бері жүгіріп әбден сенделдім. Соңында барлық дүние, жұмысқа тұруым ақша екенін түсіндім, оны айтты.

Тіпті күйеуім үйдің бетін көрмей басқа қалада жұмыс істеп, солардың айтқан ақшасын да тауып берді. Не істейміз енді? Себебі сол жұмысты істейік деп бір жапырақ дипломды алып Шымкентке дейін барып, қақпаған есігім қалмады.

Соңында әділдік, мемлекеттің заңы дегеннің бәрін жинап, осылардың ортасында өмір сүретін болғаннан кейін, солардың заңына көнуге тура келді. Айтқан ақшасын маңдай термен жинадық, жетпегенін кредит алдық. Олар тіпті басында 1 миллион 400 мың деген, соңына жақын 1 миллион 700 мыңға шығарды.

Сенсеңіз соңында қолымдағы алтын сақинамды шешіп бердім. Бүкіл енем, қайын әпке, сіңлілерім, күйеуім менің жұмысымды "қашан болатын болды?" деп қыстап отыр. Отбасымның ойраны шыға жаздады. Үйімізде осы үшін береке қашып, күнде ұрыс. Әділдік орнататын адам болса, көмек қолын созыңыздаршы, өтініш",- деді есімін атамауды сұраған тұрғын.

Бұдан бөлек директордың сіңлісі мен осы келіншектің сөйлескен аудио жазбасы бар қолымда. Оны Түркістан облысына қарасты білім басқармасындағы жауапты кісіге ұстаттым. Тексерсін, тізсін. Арсыз саудагерлер ұрпақтың, еліміздің жауы жазалансын! Ұстаз терісін жамылғандар ел алдында жасаған қылмысын мойындасын, кешірім сұрасын. Сонымен қоса оларды қайтып білім саласына жолатуға болмайды деп ойлаймын",-деді журналист Гүлжанат Пірімбетова.