Тоқаев: Барлық қазақстандықтың атынан Жошы ханның аруағына құран бағыштап, құрбан шалдым

ашық дереккөз

Президент Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы жақсы ырым екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы неге жаңадан құрылған Ұлытау облысында өтіп жатқанын айтты.

 "Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы жақсы ырым. Бәріміз бабаларымыздың аруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын тілейміз", - деді Тоқаев Ұлытауда ұлттық құрылтай отырысында. Президент ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болғанын атап өтті.

"Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын Орда әміршілері мен қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз", - деді мемлекет басшысы. Тоқаев жаңа өңірде жаңа облыс құрылғанын айтты. 

"Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады", - деді ол. Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты, деді президент.

Дереккөзі:Sputnik

Loading...