Атырауда полицейлер көпірден секіріп өлмек болған адамды құтқарды
- автор kyn.kz
- 19 қыркүйек, 2022
- 211
Атыраулық полицейлер көпірден секірген ер адамды құтқарды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің Telegram арнасы.
Бүгін түнгі сағат 02:00-дің шамасында белгісіз ер адам орталық көпірден секіріп кетті. Оны патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Арман Қарабалиев пен Меллат Абужанов көріп қалды. Тәртіп сақшылары бірден көмекке жүгірді.Арман Қарабалиев құтқару жилетін киіп, суға секірген.
Ал ер адамды жағаға жақындатқанда Меллат Абужанов та көмекке келді. Көпірден секірген ер адам есінен танып қалған, суды да көп жұтып қойды. Полицейлер оған алғашқы медициналық көмек көрсетті.
"Біз уақыт аз екенін түсіндік. Бастысы адамды құтқару болды. Дәл осы көпірде 2019 жылы суға секірген әйел адамды құтқарған әріптесіміз Шалқар Ақымғалиев қаза тапқан. Есіме сол оқиға оралды. Бірақ 2019 жылдан бері де бірнеше рет осы көпірден секірмек болған азаматтар құтқарылды", - дейді полиция аға лейтенанты Арман Қарабалиев.Осы жолы да көпірден секірген ер адам аман қалды. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.