Елімізде тағы да ұн қымбаттады. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл ұнның бағасы 41 пайызға өскен. Соның салдарынан нан өнімдерінің құны да шарықтап бара жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Алайда сарапшылар маусым айынан бастап қыркүйектің соңына дейін өзге елдерге астық өнімдерін экспорттауға тыйым салынып, жүргізілген квотаның арқасында бағаны ауыздықтай алдық деп отыр.
Елімізде ұнның құны да ет пен майдан қалыспай күннен-күнге қымбаттап жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда ұн биыл 41 пайызға бір-ақ көтерілген. Бұл өз кезегінде нан өнімдерінің бағасына да тікелей әсер етіп жатыр дейді кәсіпкерлер.
"Биыл кондитерлерге өте қиын болып жатыр. Сәуірмамыр айларында ұн, қант, жұмыртқа бағасы аспандап кетті. Міне, тағы да соңғы айда 5 пайызға ұн қымбаттап отыр. Соның өзінде бағаны тұрақты ұстап тұруға барымызды салып жатырмыз. Алайда ол өзөзін ақтамайды. Ұнды қап-қабымен сатып алатындықтан, көп қаражатты соған жұмсаймыз",- деді Балнұр Бердімұратова, кондитерлік дүкеннің басшысы.
Ал сарапшылар елімізде маусым айында жүргізілген квотаның арқасында баға біршама тұрақталғанын айтады. Сондай-ақ қамба астыққа толған күзгі уақытта қымбатшылық болмауға тиіс деп санайды.
"Ұнның қымбаттауына еліміздегі дәнді дақылды экспорттауға тыйым салу немесе шектеу әсер етті деп ойламаймын. Біріншіден, бидайды өсіретін әрбір шаруа ішкі нарыққа белгілі бір бөлігін өткізіп отыруға тиіс. Қазір жүргізілген квотаның арқасында диірменшілер өзіміздің бидайды тек ел ішінде ғана өндеп, сатумен айналысуда. Қазір қымбат бағада сатып жатқандар былтырғы өнімдерін өткізіп жатса керек",- дейді Кирилл Павлов, сарапшы.
Республика бойынша ең қымбат ұн Павлодар облысында. Одан кейін қымбатшылық жетісулықтарды да қыса бастаған. Сондай-ақ үштікке Батыс Қазақстан облысы кіреді. Energyprom мәліметінше, аталған аймақтарда ұн бағасы 13 пайызға дейін өскен. Алайда астық өндірушілер одағындағылар баға 10 пайызға арзандады дейді.
Ұн мен нан бағасы төмен үштіктің қатарына Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді. Елімізде осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 2 миллион тонна дақыл өндірілген.