Астанада мектеп асханасы оқушыларға тарақан мен шаш басқан тағамды тұтынуға беріп жүрген
Тарақан мен шаш араласқан тағам. Астанада жекеменшік мектеп оқушыларының ата-анасы осылай деп шағым айтып отыр. Ай сайын 60 мың теңге төлесе де, балалары үйге аш келеді екен. "Себебі ,білім ордасында берген асты ішу мүмкін емес, дәмсіз, суып қалған, мерзімі өткен", - дейді олар.
Бұл туралы KYN.KZ сайты, КТК арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Мектеп басшылығынан асханаға жауаптыларды ауыстыруды сұрағанмен, әзірге нәтиже жоқ.
Бұл мекенжайды жеткізу қызметінің жұмысшылары жаттап алған. Себебі, күн сайын мектепке тамақ әкеледі. Иә, білім ордасында асхана жоқ емес, бар. Тіпті ата-аналар баласының бүйірі шығып ас ішуіне ай сайын 60 мың төлейді екен. "Бірақ төленген қаражатқа қызмет сай емес. Тіпті тамақтан тарақан тапқан кез де болды", - дейді олар.
"Менің балаларым үнемі үйге шағымданып келеді. Асхананың тамағы өте дәмсіз әрі үнемі бірдей тамақтар әзірлейді – тек макарон мен қарақұмық. Бірнеше рет ішіп отырған асынан шаш тауып алған кез де болды. Соңғы рет атааналар тобына тамақтан тарақан табылған фотосурет те жіберді",-дейді Ирина Сюрикли, Астана қаласының тұрғыны.
Бәрін айт та, бірін айт, мұндай жағдайда тамақтанған балалар ұшынып, алды ауруханаға түскен. Дәрігерлер де көп созбай, перзентінің астан уланғанын бірден айтыпты.
"Қызым мектептен түскі ас ішкеннен кейін өзін жайсыз сезінген. Мұғалімі хабарласып, қызымның ауырып жатқанын айтыпғ алып кетуімді сұрады. Үйге келгеннен кейін қызым қатты құсты. Болмаған соң дәрігерге апардық. Бірнеше анализ сынамасын алып тексергеннен кейін «тамақтан уланған» деді. Басқа себеп болуы мүмкін емес деп, кесіп айтты",-дейді Диана Тәңірбергенова, Астана қаласының тұрғыны.
Ата-аналардың айтуынша, асхана басшылығы тамақ ішерде «телефондарыңды ұстамаңдар, асты суретке түсірмеңдер» деп талап қояды екен. Бірақ зәрезап болған оқушылар олқылықты фотоға басып алыпты. Шошып қалған балалар ашықса да, үйге дейін шыдағанымыз жақсы дейді.
"Қарным қатты ашса да, шыдап, үйде бірақ тамақтанғаным жақсы. Себебі, бұл жақтың тағамы өте дәмсіз, суық күйінде береді. Бір рет менің сыныптасымның жеп отырған бауырсағынан шаш шықты. Мысалы, менің балық жегім келмейді. Себебі, құсқым келеді. Бірақ асханадағыларға оны айтқанымда, «дәрігерден қағаз алып кел» деп қайтарып жіберді",-дейді Дамир Қадырханов, Астана қаласы халықаралық мектебінің оқушысы.