Қазақстандық оқушылар Женевада робототехникадан өткен жарыста рекорд орнатты
Оқушыларымыз Женевада робототехникадан өткен FIRST GLOBAL CHALLENGE әлем жарысында жеңіске жетіп, рекорд орнатты, деп хабарлады оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
"Балалармен телефон арқылы байланысып, жеңіспен құттықтадым. Олар 167 елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, ең көп ұпай жинады. Бұл робототехника чемпионаты - әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі. Жеңіс оқушыларға әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік береді", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еліміздің намысын ұлттық құрама атынан 15 пен 17 жас аралығындағы 5 оқушы қорғады. Олардың барлығы FIRST Global Challenge ұлттық турнирінің жеңімпаздары. Оқушыларымыз 3 күн ішінде 16 ойын өткізіп, ешқайсысынан жеңілмей, ұпай саны бойынша рекорд орнатты. Чемпионаттағы бірінші орыннан бөлек, қазақстандық команда басқа елдердің командаларына көрсеткен "Айрықша қолдауы үшін" Al-Khwarizmi алтын медалін, сондай-ақ роботты жасаудағы тамаша инженерлік шешімдері үшін JUDGES AWARD арнайы сыйлығын жеңіп алды.
"Оқу-ағарту министрлігі балалардың цифрлық білімі мен дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндіктер жасауды жалғастыра береді. Соңғы 3 жылда елімізде 41 IT-мектеп ашылды. Қазір онда 55 мың бала оқып жатыр. Сондай-ақ білім алушыларға арналған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленген, олар да цифрлық білімді дамытуға бағытталған", - деп жадзы Аймағамбетов.
Президент білім беру саласындағы цифрландыруға ерекше көңіл бөліп отыр. ІТ-мектептердің ерекшелігі - ІТ-технологиялар саласында мамандану, ерте профильдеу, робототехника мен бағдарламалауды тереңдетіп оқыту, 3D модельдеу. Сондай-ақ жыл сайын IT-мектептер саны көбейе береді.