Кореяда қайтыс болған Мәдина Шерниязова жайлы жаңа деректер жарияланды
Кореяда қаза тапқан ақтөбелік бойжеткен сәуір айында магистратураны бітіруге тиіс болған, деп хабарлады KYN.KZ сайты "Астана" телеарнасына сілтеме жасай отырып.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 1996 жылы туған отандасымыз Корея Республикасының жоғары оқу орындарының бірінде магистратура оқып жатқан.Қыздың анасының айтуынша, ол корей тіліне жастайынан әуес болған, сегізінші сыныптан бастап ерекше ден қойған көрінеді.
Мектеп бітірген соң Татарстанның Қазан қаласынан "Шығыстанушы" мамандығымен жоғары білім алған. Онан соң Сеулде білімін жетілдіруге бел буыпты. Соңғы рет анасына сол қаралы мерекені тойлауға шығып бара жатып хабарласқан. Ал ертеңіне жақындары суық хабар естіген. Әкесі Кореяға кеткен, анасы ес жия алмай отыр. Сұхбат беруден бас тартты. Мектеп ұстаздары да есеңгіреп қалғандарын айтады.
"Мәдина Шерниязова біздің 2013 жылғы түлегіміз. Өте жақсы қыз еді. Мектепте үлгілі оқушы болды. 4 пен 5-ке бітірді. Тек жақсы жағынан білеміз. Мәдинаның ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз", - дейді Ақтөбе қаласы №27 мектеп-лицейі директорының орынбасары Алтынгүл Аткиева.
Қазақстанның Кореядағы елшілігінің консулдық бөлімі тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Құзыретті органдармен тұрақты байланыста болатын жедел штаб құрылды.
Елшілік қызметкерлері қаза тапқан отандасымыздың құжаттарын ресімдеуге қажетті көмекті көрсетіп жатыр.Айта кетейік, Кореяда Хэллоуин кешінде 151 адам қаза тауып, 82 адам жарақат алды. 350-ден астамы із-түзсіз жоғалған. Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёл қайғылы оқиғаға байланысты ұлттық аза тұту күнін жариялады.