Келесі оқу жылында 400 мың тегін планшет кімдерге берілетіні айтылды
Келесі оқу жылында 400 мың оқушының бас-басына бір-бір планшеттен берілмек. Бүгін Үкіметте осындай ауқымды жоба таныстырылды. Қазір оны оқу-ағарту мен цифрлық даму министрліктері пысықтап жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ сайты КТК арнасына сілтеме жасай отырып.
Өйткені қыруар қаржы жұмсап планшет алынғанымен, интернет сапасына байланысты оны пайдалану біраз қиындық туғызуы мүмкін. Планшет әуелі кімдерге бұйырады? Шалғайдағы ауыл түгілі, қалаларда күрделі мәселеге айналған интернет қалай шешілмек?
Оқушылардың арқасындағы ауыр сөмкені амалын тауып жеңілдетіңдер деп, президент қыркүйектің басында тапсырма берген еді. Әйтпесе, бұғанасы қатпаған бүлдіршіндер бүкір болып қалатын түрі бар. Оқу-ағарту мен цифрлық даму министрлері ойласа келе, 2023 жылдан бастап 1 сынып оқушыларына бір-бір планшеттен ұстататын болып шешіпті.
"Цифрлық даму министрлігі бұл мәселемен айналысады. Барлығын слайдта көрсетіп түсіндірді. Қазір оның тетіктері талқыланып жатыр",-деді Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі.
Аймағамабетов бұл тәжірибені де шетелден алыпты. Айтуынша, Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея сөмкені планшетке алмастырудан тәп-тәуір нәтижеге жеткен. Бірақ мәселенің тағы бір қыры бар. Жарты күн планшетке үңілудің пайдасынан гөрі, зияны басым емес пе?
"Оның зиянын және зиян емес, қанша уақыт пайдаланады және де сол планшеттердің ішінде қандай ақпарат болады деген мәселе, әрине, тиісті органдармен келісім жасап, оның барлық тәуекелін міндетті түрде ескереміз",-деді Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин де портфельден гөрі планшет ұстауды құп көріп отыр. Шетелге тәуелді болмас үшін бүлдіршіндерді отандық өніммен қамту керек деп есептейді. Бірақ бізде планшет шығаратын зауыт атымен жоқ. 2011 жылы Ақтау қаласында жұмысын бастаған жалғыз өндіріс орны ашылмай жатып жабылып, 7 жыл қаңырап бос тұр. Қазір ол ғимаратта қапшық шығарылады екен.
"Қазақстанда өндірілетін планшетті көздеп отырмыз. Өйткені отандық планшет болуы пандемияда өз компьтерлер, ноутбуктер қазақстандық болатын. Біз тек бизнеске осындай сауал беріп жатырмыз. Бізге осындай өндіріс қажет. Біз оны алып, операторлар арқылы сіздер мемлекетке сата аласыздар. Ал мемлекет оны оқушыларға тарататын болады",- деді Бағдат Мусин, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Қош. Смартфонды өзімізде шығарып, әр оқушыға тараттық делік. Цифрлық даму министрлігі елді сапалы интернетпен қамтамасыз етуге қаншалықты қауқарлы? Онсыз да оңбай тұрған ғаламтор соңғы екі аптада тіптен нашарлап кеткен.
Бағдат Мусин де әріптестерінен үйренгені ме, сіздердің ғана емес, менің де ғаламторым дұрыс жұмыс істемей тұр деп құтылды. Қыркүйек айының соңында Қазнетке кибершабуыл жасалған екен. Министрліктің соған төтеп беру үшін жасалып жатқан шаралар ғаламтордың жылдамдығына әсер етіпті. Қысқасы, «сәл шыдай тұрыңдар» деп қайырды министр Мусин.
Бастауыш сыныптарды планшетпен қамту мәселесі әзірге жоспар күйінде ғана. Түбегейлі шешім қабылданған жоқ. Алайда оны пайдалану оқушының өз еркінде деп отыр министрлер. Смартфонға көшетін болсақ, мектептерді тегін интернет қызметімен қамту мәселесі және бар. Жұмыс көп. Жауаптылар бұл бастама мемлекеттің қалтасын қаншаға қағатыны туралы да әзірге тіс жарған жоқ